Комик Жансая Мұратбекқызы енді сахнада жары туралы әзілдеуді доғармақ па?

Сообщить о проблеме с эфиром

10 қала да солд аут! Стендапер Жансая Мұратбекқызы концерттік турмен еліміздің біршама қалаларын аралап, сапардың нүктесін мәдени астанамызда қойды.

15 күнде Қазақстанның 10 қаласын аралап келдіңіз. Жалпы қалай болды концерттік турыңыз? Қай қала ерекше көңіліңізден шықты?

Жансая Мұратбекқызы, стендапер:

Өте керемет болды. Бұл менің өзімнің ең үлкен турым шығар. Батыс өңір шығыстың қызын өте керемет ықыласпен қарсы алды. Мен ойлаған жоқпын мені батыстық көрермен осынша жақсы көреді деп.

 

Жансая Мұратбекқызы осыдан 7 ай бұрын «Алыстағы жақыным» атты алғашқы соло концертінде 30+ қыздардың мәселесі, декреттік демалыстың қызығы мен шыжығы жайлы сөз қозғаған еді. Ал бұл жолы Жансайка тұрмыс құрмаған қыздардың өмірінің артықшылықтары жөнінде кеңінен көсілді. Стендапер манифесінде қоғамдағы қыз баланың орны қашан да биік екенін алға тартып, астарлы әзілдермен көпшілікті күлкіге қарық қылды.

 

Ал енді осы жолы қандай тақырыптар қозғалады?

Жансая Мұратбекқызы, стендапер:

Барша назарды қыздар қауымына арнадым. Яғни, ол жерге барлығы кіреді. Кішкентай қыздан бастап бойжеткен қыздарымыз, күйеуге шыққан қыздар. Бір күйеуім туралы көп айтпаймын деген едім. Себебі, басқа жаққа фокус бұрайын. Мынау тегі күйеуін ғана айта берді ғой. Басқа материал жоқ деп ойламасын деп. Бірақ күйеуімді айтай тұра алмайды екенмін бәрібір.

 

Шығармашылық кештің барлық жұмыстары Жансайканың жары әрі продюсері Дидарға жүктелген. Жұбайына тірек болып жүрген азамат стендапер әйелінің бар қалауын орындауға тырысатын көрінеді.

Дидар Советбеков, продюсер, Ж. Мұратбекқызының күйеуі:

Менің бір таңқалатын нәрсем бар өзімнің. 1,5 сағаттық материалды Жансая бірден жаттап алады. Ал мен үшін 4-5 сөйлемді есте сақтаудың өзі қиын.

Жансая Мұратбекқызы, стендапер:

Бір жылда екі концерт негізі оңай емес екен. Үлкен команданың, техникалық группаның арқасында осындай екі концерт беріп жатырмыз. Бірақ енді қиын. Қаржы жағынан да деп соны айтып тұрсаң.

Өнерге әркімнің ақ бар таласы! Талантты болу бір бөлек, ал оны паш ету одан да қиын. Сұқбат барысында, Жансайка стендап кешіне 10 миллионға жуық қаржы жұмсайтынын да тілге тиек етті. Қуанышқа орай, бұл еңбекті көрермен ақтады. Тіпті көрермен сұранысымен 2-сеанс ашылып, ол да аншлагпен өтті.

Көрермен пікірі:

Бүгінгі монологтары өзгеше. Негізі қыздардың тақырыбы өте көп айтылып жатыр. Бәрі өмірден алынған, бәрі өзіміздің басымыздан өткен. Сондықтан мен өте ризамын.

Бәрі өте керемет болды. Негізі біз кейбір жерде бұдан сабақ та алдық. Енді ол кісілер өздерінің отбасылық жағдайын мысал қылып келтіріп берді ғой. Біз алдағы уақытта осылаймен жұмыс жасайтын боламыз.

Біз әйелдер Жансаяны өте қатты жақсы көреміз!

 

Жансая Мұратбекқызы бұл жолғы концертін «She» деп атауында өзіндік мән бар болып шықты. «Ши» жай ғана ағылшын тілінде қыз балаға бағытталған есімдік емес, ең төзімді әрі мықты өсімдіктердің бір түрі. Кеш соңында Жансая шиді отпен тұтатып, оның жарығы өшпейтініне көз жеткіздірді. Аруларға да сол секілді ешқашан да шырағы сөнбеуін тілеп, концертті аяқтады.