Шығармашылық жолын енді бастаған Баянсұлу аз уақытта танымалдылыққа ие болған әнші. Оның 2 ай бұрын жүктелген «Ауа рай» әні ютуб хостингінде 16 миллион қаралым жинады, ал музыкалық чарттарда көш бастады. Ару осыған дейін mood видеомен ғана шектелген еді. Ал бүгінде:
BAYANSULU, әнші:
– Бізде алғашқы үлкен клип. Негізі дебют болып жатыр. Ең жақсы мамандар жинап алдық бұл жолы. Джей Лоның бетін бояған әрлеуші, шашын жасаған hair-стилист жинады мені. Өздеріңіз де байқап тұрған шығарсыздар.
Танымал өнер өкілдері жас әншінің бейнебаянының түсірілімінде болды. Өнердегі қарындасына қолдау көрсетуге келгендердің қатарында Рамазан Амантай, Серік Ибрагимов, Қабдол да бар.
– Баянсұлудың өнеріне қандай баға бересіз?
Рамазан Амантай, кинопродюсер:
– Өте керемет баға беремін. Мен үшін Баянсұлу қарындасым феномен. Соңғы уақытта енді қыз балалардың ішінен шыққан, бір болашағынан үлкен үміт күттіретін, жалықтырмайтын керемет дауыс иесі.
– Дауысы енді керемет. Өйткені мен оны жаңағы әндерін ғана емес, студиядағы жұмысын, консерваторияда оқыған кездегі айтатын шығармаларының барлығын тыңдағанмын. Сондықтан да керемет әнші.
Қабдол Тілеков, Меховая 8/1 тобының мүшесі:
– Кейде жоғары кейде, төмен беремін десең... Қолдаймыз күшті. Әндері хит болып жатыр!
Әнші поп жанрындағы релизге «Сондайым бар енді» деп атау қойған көрінеді. Бейнебаянның сюжеті Баянсұлудың өмірінен алынған екен. Ал идея авторы арудың продюсері Әлішер Бұрхановқа тиесілі.
Бұл образ белгілі дизайнердің арнайы Баянсұлу үшін тіккен эксклюзив көйлегі екен. Луктың құны белгісіз. Бірақ жалпы клиптің түсіріліміне 4-5 миллион жұмсалған екен.
Бірі білсе бірі білмейді. Баянсұлу бірнеше жыл опера әншісі мамандығы бойынша Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған еді. Алайда шоу-бизнеске келгеннен кейін, ол уақытының тығыздығына байланысты оқудан шығына тура келген.
BAYANSULU, әнші:
– Сәл өкініш бар. Тек бір кемшілігі диплом ала алмадым. Содан ғана ал былай өкінбеймін. Оқу орнындағы студенттердің бәрі негізі менің орнымда болуды армандайды деп ойлаймын.
«Шығармашылық жолымда нағыз жұлдыз болу үшін әлі талай тәуекелге барамын», дейді әнші. Ендеше, басқан қадамыңыз құтты болсын, жас өнерпаз!