– Өзініздің кейіпкерініздегідей байлық болатын болса өмірде не істер едіңіз? Қайда жұмсар едіңіз?
Нұрболхан Шарапов, актер:
– Айналама туған туыс, бауырларыма, достарыма көмектесер едім...
Әшім Ахметов, актер:
– Бүкіл үй ішімнің бәрін алып, әлем аралауға кететін едім...
Олжас Тоғымбет, актер, каскадер:
– Бірінші бала-шағама, ата-анама, туған туысқандарыма көмектесер едім.
Иә, қай адамнан да сұрасаң, басым көпшілігі дәл осылай жауап қатады. Ал аталмыш фильмде Нұрболхан Шараповтың бас кейіпкері Рахат мүлде олай ойламайды. Актер бұл толықметрде антагонист рөлінде!
– Сіздің бұл фильмде өзіңізді басқа қырыныздан көрсететініз рас па?
Нұрболхан Шарапов, актер:
– ОЛ жағын білмеймін енді. Көрсете алдым ба? Көрсете алмадым ба? Десе де оны сын көзбен қарайтын көрермен ғой. Сол баяғы рөлдерім қайталанып қалмаса екен деген де уайым болды негізі.
Қара комедия жанрындағы фильмде дебютанттар ішінде режиссер Нұрғиса Әлмұратов та бар. Айта кетейік ол бірнеше жыл Түркияның тіс қаққан актерлерімен жұмыс істеп келген кәсіби маман.
– Енді «Турцияда жұмыс істеп келген!» - дегеннен кейін біз де өзімізді барынша көрсетуге тырыстық, жауапкершілік болды да. Бірақ, кәдімгідей түсіндірген кездері болды. Ақылын айтып, әр түрлі нұсқада жазып көруді ұсынды.
Жау бөрік астында! Кастқа таңдалғандардың қатарында Ерлан Пірімбетов те бар. Ол Нұрболханның көмекшісін ойнайды. Бірақ оның байлығына қол сұққысы келген Ерлан бастығының өміріне қауіп төндіру үшін арнайы адам жалдаудан тайынбайды.
Ерлан Пірімбетов, актер:
– Өзіме де қызық болды. Негізі маған ондай рөл ұнамайды екен. Соны енді түсіндім.
Ал киллердің рөлі Олжас Тоғымбетке бұйырған. Өнер иесі бұл фильмде тек актер ғана емес, экшн-продюсердің қызметін атқарған. Ол Nomad Stunts каскадерлік ұжымымен бірге лентада орын алатын түрлі қауіпті трюктарды сақтандырусыз орындап шыққан. Нәтижесінде:
Олжас Тоғымбет, актер, каскадер:
– Кішігірім болды. Иығымды ауыртып алдым. Арқамды ауыртып алдым. Көбінесе енді 1-2 дубль болғандықтан, енді барынша тырысып көрдік.
Қызығы Әшім Ахметов үшін бұл фильмдегі рөл арнайы жазылған екен. Ол бұл толықметрде көру қабілетінен айрылған ұлының еміне қаражат жинау үшін жан ұшырып жүрген әкенің образында.
Әшім Ахметов, актер:
– Иә, менің кейіпкерімнің есімі Әшім, сценарий жазылған кезде менің кейіпкерімді маған ұқсатып жазған екен. Оны естігенде қатты қуандым.
Сонымен Нұрболхан Шараповтың кейіпкері ойын-сауықтан бас тартып, ақылға келе ме? Оның жауабын білу үшін, кинотеатрға асығыңыз көрермен!