Ұлттық телевизиядағы үздіктер кім? «Тұмар» бәйгесі майталмандарды іріктейді

Сообщить о проблеме с эфиром
Қазақ телевизиясы тарихында тұңғыш рет үздіктер анықталмақ! Халыққа хабар таратуда нон-стоп режимінде, жарғақ құлағы жастыққа тимей іс атқаратын майталмандар - «Тұмар» ұлттық бәйгесі аясында марапатталады! Бәйгеге өткен жылы эфирге шыққан телевизиялық жобалар қатысады. Үздік деректі киноны, ақпараттық, сараптамалық, музыкалық, әзіл-сықақтық бағдарламаларды, әлеуметтік жоба мен ток-шоу, телевизиялық сериалдардың үздіктерін анықтау – басты мақсат. Сондықтан, бұрын соңды баламасы болмаған ұлттық бәйгеде көшбасшыларды анықтау Нұртілеу Иманғали, Бибігүл Жексенбай, Арман Шораев, Ерлан Бекхожин, Аружан Саин, Әсел Қаруловаларға жүктелді. Әділ қазылар алқасы – қазірдің өзінде келіп түскен 240-тан аса жұмысты саралап, топжарғандарын таңдап үлгерген. Заманауи әрі өзекті телевизиялық өнімді дәстүрлі түрде анықтап отыру – сапалы контенттің артуына әсер етеріне сенімді мамандар. Әділ Лиян, продюсер: - Әріптестерімді ынталандырып, қосымша мотивация беретін марапат болады деп сенейік. Себебі, біздің телевизияға сапалы марапаттау салтанаты қажет. Еңбек әрдайым бағалануы тиіс! НТК арнасының намысын «Ревю» бағдарламасы мен «Патруль» телехикаясы қорғауы тиіс деп шештік. Ал, ертең Астанада Катя Краснова, Салтанат Бекжігітовалармен бірге бой көрсетеміз. Біздің әріптестерімізден өзге отандық медиа тұлғалар, шоу бизнес өкілдері мен киногерлер, 17-ші наурызда Қазмедиа орталығындағы қызыл кілем салтанатына қатысып, ғаламат шоудың куәсі болады деп сендіреді ұйымдастырушылар. Перизат Мырзахмет, «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесін ұйымдастырушы: – Қызыл кілемді де, кешті де «Қазақстан» Ұлттық арнасының өкілі – Мейіржан Әлібеков, «Хабар» агенттігінің өкілі – Нұрсұлтан Құрман, актриса, әнші – Гүлнәр Силбаева, сосын Айсұлу Әзімбаевалар жүргізеді. Үйреніп қалған қатардағы концерт емес, үлкен республикалық деңгейдегі телевизиялық шоу жасап жүрген адамдармен жақсы шоу дайындауға тырыстық. Нағыз телевизиялық шоудың қалай жасалатынын көреді. «Тұмар» ұлттық бәйгесін Ұлыстың Ұлы күні эфирден тамашалай аласыз.