Серік Сәпиев қарсыласын кілемнен тұрмай-ақ ұтатын палуан қыздардың өнеріне тәнті болды

Сообщить о проблеме с эфиром
Болмысы нәзік болса да, жігіттің боз кілемде шаңын қағатын қарагөздерді күнде көре бермейміз. Мұндай епті сұлулар бразильдік джиу-джитсудан өткен халықаралық KARAGANDA OPEN турнирінен табылды. Депутат Серік Сәпиевтің өзі сайысқа қатысушы қыз-жігіттердің өнерін тамашалауға арнайы келді. Қарағандыда бразильдік джиу-джитсу мен грепплингтен өткен сайыста 300-дей палуан бақ сынады. Татамиге балалармен бірге ересектер де қатар шықты. Магомед Сүлейманов, «Karaganda Оpen» халықаралық турнирін ұйымдастыру алқасының өкілі: – Мұндай додалардың Қарағандыда өткені маңызды. Бұл жалпы дамуға үлкен серпін береді. Бразильдік джиу-джитсу мен грепплинг іш пыстырады деушілер қателеседі. Бұл интеллигент жандардың спорты. Рейтингтік дода саналатын «Karaganda open» халықаралық турниріне елордадан депутат Серік Сәпиев арнайы келген. Ол жеңімпаздарды марапаттауға қатысты. Cерік Сәпиев, Мәжіліс депутаты: –Бұл спорт түрі елімізде енді дамып келеді. Жігіттер мен қыздар жақсы жетістікке жетіп жатыр екен. Бұл қуантады. Азия чемпионатын екі спортшымыз жеңіпті. Олар енді әлем чемпионатында жүлде алсын деймін. Мұндай халықаралық спорт сайыстары жиі болғаны жақсы. Кілемде күресіп, қылқындыру және ауырту тәсілдерінен тұратын бұл спорт түріне қыздардың да құштарлығы зор. Гүлжан Жаңабергенқызы, «Karaganda Оpen» халықаралық турнирінің жеңімпазы: – Баспен жақсы ойлау керек. Өйткені ол тек денемен ғана күресу емес, ол тактикалық спорт. Осы джиу-джитсуға қатысушы спортшылар мұны денелік шахмат деп атаймыз. Гүлжан бұл спортты алдымен денсаулыққа пайдасы және философиялық тереңдігі үшін ұнатқан. Сымбатты спортшы қыз өзіне қауіп төнсе де қарап қалмасына сенімді. Гүлжан Жаңабергенқызы, «Karaganda Оpen» халықаралық турнирінің жеңімпазы: – Енді өз-өзіме жауап бере аламын деген ойдамын. Бірақ ондай жағдайға түспеймін деп үміттенемін. Бұл сайыста жасы орда бұзар отыздың бел ортасындағы тісқаққан палуандар да күресті. Атыраудан келген Мырзабек осы турнирдің жеңімпазы атанды. Мырзабек Исатайұлы, «Karaganda Оpen» халықаралық турнирінің жеңімпазы: – Мықты қарсылас, азғантай ғана басымдықпен, азғантай ғана ұпаймен ұтып кеттім. Қазақстан чемпионатында ардагерлер арасында чемпион атандым. «Karaganda open» сайыстарын ұйымдастырушылар жарысқа билік өкілдері аздаған қолдау ілтипатын көрсетсе дейді.