Mercedes-Benz Fashion Week-тің ауқымы кеңейді

Сообщить о проблеме с эфиром
Mercedes-Benz Fashion Week-тің ауқымы кеңейгені анық! Осы маусымның ашылуына жаһанның түкпірінен байерлер арнайы келіп, Милан, Париж, Нью-Йорк пен Лондон сән апталықтарында street-style суреттер түсіретін фотограф та ат басын бұрған. АҚШ-тан ат арылтып келген мейман қытайдың ала дорбасын көтерген алматылық сәнқойды көргенде, есінен танып қала жаздады. In Style, Style.com, Vogue, W Magazine журналдары үшін street-style суреттер таспалап, жаһандық ең маңызды сән апталықтарының бел ортасында жүретін Адам Катц Синдинг елге ерекше дүние іздеп келгенін айтады. Ұлттық нақышты айшықтайтын образдарды көптеп табатынына сенімді болғанымен үміті ақталмады. Адам Катц Синдинг, фотограф: - Тек қазақ халқына тән образбен таңқалдыратын жан іздегенмін. Әзірге көзім шалмады. Бір байқағаным, сіздерде қымбат әрі сәнді киінуге құмар жандар жетерлік екен. Құдды Париждегі сән апталығын түсіріп жүргендеймін. Дегенмен, барахолканың өкілі іспетті ала дорбалы ер азамат фотографтың екіұдай пікірде қалуына түрткі болғаны анық. Өзіміздегі сән апталықтарын былай қойғанда, New York Fashion Week -тің стрит стайл хроникасынан да көрініп үлгерген Лидо да Адам Катц-тың объективіне ілікті. Көше стилінде фотоссессия жасаудан жалықпайтын әнші, мұны табыс көзіне айналдыруға боларын да жасырмайды. Лидо, әнші: - Стрит стайл фотоссесия жасату үшін танымал болудың қажеттілігі жоқ. Тек, ерекше образдарыңмен таңқалдырсаң жеткілікті. Бірақ, мұны біздің халық түсіне бермейді. Әлеуметтік желіде үнемі бұл саған не үшін қажет деген сауал қояды. Брендтерді жарнамалау үшін жасаймын. Mercedes-Benz Fashion Week-тің биылғы маусымы, тек стильді меймандарымен ғана емес, ерекше топтамаларымен де ерек. Апталықтың шымылдығын MOD.S бренді түрді. Сәкен Жақсыбаев, сәнгер: – Модс, Камилла Мур сынды сән әлеміне жаңа қадам басқан брендердің аяқ алысы ұнады. Әлемдік атақты брендтердің бүгінгі тренд деп ұсынған дүниелеріне қарсы тұрғаны әсерлі көрінді. Себебі, бұл сәнгерлер әйел нәзік болмысынан ажырамауы қажет дегенді айтады. Teezar, Kamila Moor брендтері де фэшн сыншылардың көңіліне қонымды көрінгені анық. Камила Әділғазинова, сәнгер: – Күз бен қыс мезгілдеріне арналған киімдерде жарқын түстердің аз болатыны белгілі. Сондықтан, мен осы топтамамда ашық реңктегі табиғи маталарды көптеп қолдануға тырыстым. Бұл нәзік жандылардың ажарына әр беріп, романитикаға жетелейтініне сенімдімін. Mercedes-Benz Fashion Week – тің афтепатиінің өзі ерекше мереке. Бірақ, Жандос Айбасовты мұндай кештер бұрын соңды қызықтырмайтын. Әншейінде, фэшн тусовкалардан сырт айналатын актер бүгін бой көрсетті. Жалғыз емес! Фэшн фотограф Марина Карпыковамен қол ұстасып. Сөйтсек, сері сүйіктісін «Жылдың үздік фотографы» жүлдесімен құттықтауға арнайы келген екен.