Семейлік студент аялдамада көріп ұнатқан қызды хабарландыру арқылы іздеп жүр

Сообщить о проблеме с эфиром
Семейлік студент өзі сыртынан ғашық болған қызды енді көшеде хабарландыру жапсырып іздеумен жүр. Жігіт ол беймәлім аруды аялдамада көріп тіпті аздап тілдескен екен. Қазір шарқ ұрып сол сұлуға сұрау салған азаматқа көпшілік қолдау білдіруде. Ал сіз махаббат үшін қандай ерлікке бардыңыз? Махаббат үшін көзсіз ерліктер жасайтын тарихтағы Төлегендердің сарқыты бүгінде арамызда жүр. Шәкәрім атындағы университеттің 2-ші курсында білім алатын 18 жасар семейлік студенттің әрекетін Қазнетті елең еткізді. Ол өзі бір көріп ұнатқан қызды табу үшін қала көшелеріне хабарландыру ілген. Қадыр Рыссақов, студент: – Мен оны өзім күнделікті автобусқа отыратын аялдамада көрдім. Жанына барып амандасып, Love is сағызын сыйға тарттым. Ол таңқалып жымиды. Өзім табиғатымнан ұяң болғандықтан әрі қарай танысуға батылым жетпеді. Кейін өкіндім. Досыммен ақылдасқан соң, осы хабарландыру жазып көшелерге жапсыруды жөн деп шештім. Қадыр есімді бұл бозбала отбасының кенжесі. IT мамандығы бойынша білім алатын жас жігіт табиғатынан ұяң екен. Бірінші сәтте-ақ телефон нөмірін сұрай алмаса да, енді белгісіз сұлуды білек түріп іздеуге көшкен. Қадыр Рыссақов, студент: – Бұл әрекетімді әлеуметтік желілерде романтикалық іс деп бағалаушылар көп. Хабарландыру бойынша маған қоңырау шалып келеке етушілер де болды, дегенмен қолдау білдіріп сәттілік тілегендер де жеткілікті. Атын әлі білмесем де ол қызды қайткенде іздеп табуға ниеттімін. Қадыр өзін заманауи Рамео санамайды. Бұл өз бақытың үшін күресудің бір амалы болса керек. Жан жарын хат жазысып жүріп-ақ тереңірек танып отбасын құрған аға буын өкілдері де өмірде батылдық қажет дегенді құптайды. Кітап мен кинодағы махаббат хикаялары қазіргі заманда сирек көрініс табатыны белгілі. Дегенмен, жүрегі қалаған жан үшін ерлік жасауды парызы санайтын саналы азаматтар жетерлік. 21-ші ғасырда да шын романтиканың өлмегені ақиқат. Білетіндердің сөзінше сізді адастырмайтын тек адал сезім. – Менің қазір айтарым. Тек қана иманды болыңдар. Иманның ішінде бәрі бар. Батырлық, батылдық, сүйесің де. Дұрыс жолмен жүресің де. Бүгінде жастардың танысуы мен табысуы осыдан 20 жылғы көрініске ұқсамауы мүмкін. Дегенмен, ғасырлардан бар жақсы көрудің құндылықтар формуласы еш өзгермен.  – Интернетте таныстық. Осылай күнде қыдырып жүріп, әңгіме айтып, қыдырып жүріп, отырып осында.  – Мінезі ұнады маған.  -Ақкөңіл, қарапайым қазақтың баласы. Маған барлығы ұнайды. Қиын кезде көмектеседі.  – Материалдық заттар керек емес. Сондықтан маған тек қасымда болғаны керек. Махаббаты үшін әскер бастап майдан ашып, алтын күмбезді сарай салдырғандардың ізі тарихта қалды. Қазіргі сезім хикаяларын жазатын өз кейіпкерлері бар. Күн сөнгенше адамзаттың өз бақыты жолындағы ерлігі де өшпесе керек.