Тобықтан асатын толассыз жауынға Алматының арықтары неге дайын емес?

Сообщить о проблеме с эфиром
Соңғы уақыттарда Қазақстандағы құбылмалы ауа-райы тұрақсыздық танытып тұр. Шелектеп құйған нөсер, енді Алматы тұрғындарын әбігерге түсірді. Диқан-шаруа үшін жаңбыр жайлы болса да, Алматының ескірген арық жүйелері мен құтқарушылар қызметіне қатысты, біраз күрделі мәселенің беті ашылды. Бұл оңтүстік астанада бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан жағдай. Сұлтанбек Макежанов, Алматы әкімінің орынбасары: - Осы кешегі қатты нөсердің әсерінен, әртүрлі зақымдар келіп, тиісті жұмыстар жасалды. Әсіресе өзендердің бойында, көшелеріміздге арықтарда бұл жұмыс жүйелі түрде жасалады. Тізесімен су кешкен тұрғындар, көлігі суға батқан жүргізушілер - бір түн толассыз жауған нөсердің нәтижесі. Алматының кейбір аудандарында бірнеше үйді және көптеген саяжай учаскелерін су алды. Тазалау, жағалауды нығайту және су ағысына бөгет қою жұмыстарын кей тұрғындар өздері-ақ атқаруда. Алматы шаһарының жыл сайын қалың нөсердің әсерінен бір сәтке Венецияға ұқсауын Қазнет түрлі әжуаға айналдырып үлгерген. Халықтың көңілін мына суреттерден-ақ аңғаруға болатындай. Қоқысқа толып, тұрақты тазаланбайтын Алматы арық жүйелері жаңбырдың қалың суын ағызуға қауқарсыз. Тұрғын-үй аулалары, жер асты өткелдерін, метро мен көлік жүретін күре жолдарды су басқанда, халық оның белуардан кешуге мәжбүр. Бағдат Манзоров, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі: - Көмек көрсетеміз, барлығын жасаймыз. Негізі, ауданның күшімен, ауданда мусор жинайтын, жаңағы көшелердің тазалығына жауап беретін компанияларды тартып жатырмыз. Содан кейін, біздің төтенше жағдайларда техника бар. Алматы қаласындағы әр ауданның судан жапа шегу көрсеткіші әртүрлі. Әкімшілік пен Алматы төтенше жағдайлар департаменті бірлесе отырып, аталған мәселені шешуге бар күшін жұмсауда. Түрлі санаттағы техника мен адамдар тартылып, су сорылып, арықтар тазаланып, құм салынған қаптар да көмекке келген. Жұрттың ендігі үміті мен тілегі су астында қалып қоймау.