Аспан асты елінде миллиондаған жүректерді жаулаған Арай Айдарханның Қазақстанда да табынушылары жетерлік

Сообщить о проблеме с эфиром

Бұл өнерпазды біздің елдегі әнсүйер қауым толықтай танымаса да, Арай аспан асты елінде әйгілі әнші атанып үлгерген! Тіпті, қытайлық қандасымыз, «Ай эм сингер» жобасында Димашты демеп, оның музыкалық кеңесшісі де болған еді. Арай енді Алматыға ат басын бұрып, өз тыңдармандарының басқосуын жасады.

Аспан асты елінде миллиондаған жүректерді жаулаған Арай Айдарханның Қазақстанда да табынушылары жетерлік. Бүгін фанаттарын жанына жиып, арнайы кездесу өткізген қандасымыз, тыңдармандарына су жаңа үнтаспасын табыстады. Осы жылы жарыққа шыққан күйтабағында 20 тректі тоғыстырған. Альбом «Әже» деп аталады.

Арай Айдархан – әнші: «Өйткені, мен кішкентай кезімнен бастап әжемнің баласымын. Бірақ әжем дүниеден қайтқалы 20 жыл болды. Биыл тура 20 жыл болды. Сондай бір естелікпен, еске алумен...»

Жанкүйерлерімен өткен жүздесуде кумиріне жолданған сауалдардың санында шек жоқ! Бірі ақ тілегін жолдаса, енді бірі қазақ баласының өз елінде ғұмыр кешкенін қалайды. « -Арайды ең алғаш, миллион қытайды жылатқан дегеннен бастап, мен оның фанаты болдым. -Мен Арай Айдарханға айтар едім. Қазақстанға келіп тұрмайсыз ба деп айтар едім, сұрар едім деп өзім дайындалып отырмын.» Ал, Қазақстанға қоныс аудару жайлы, қандасымыздың қаншалықты жоспары бар?!

Арай Айдархан – әнші: «Мейлі қай жерлік адам болсам да, менің жүрегім қазақтың жүрегі. Қазақ үшін, музыка жасау, қазақтың мәдениеті үшін талпыну маған арман, жиі-жиі келіп тұрамын. Концерт беріп тұрамын. Көптеген жақсы-жақсы, бақытты шақтарда бірге боламыз деп ойлаймын.» Иә, Арай қытайда өткен «Ай эм сингер» жобасында Димаштың музыкалық кеңесшісі әрі аудармашы қызметін атқарғанды. Ол аталмыш конкурс барысында Құдайбергеновтің асқан талапшылдығын өз басынан өткерген.

Арай Айдархан – әнші: «Ол әр жолы жақсы айтады да. Бірақ, сонда өзінен өзі кемшілік іздеп тұрады. Мәңгі видео түсірткізеді, дайындық болып жатқан кезде. Оны қайталай-қайталай естіп, жарысқа дейін өзінің кемшілігін... меніңше кемшілік жоқ сияқты. Бірақ, өзі тауып, жарысқа дейін түзеп болады.»