Қанат Бейсекеевтің жаңа туындысы көрерменді неге жылатты?

Сообщить о проблеме с эфиром

Ал, режиссер Қанат Бейсекеев кезекті туындысының премьерасын өткізді. «Хочу танцевать» атты жаңа деректі фильмі биші Дмитрий Ким жайында түсірілген. Өмірдің қатал сынына ұшыраған өнер иесінің ауыр тағдыры, бұл көрсетілімге келген көрермен көңілін еріксіз толқытты.

Би өнерін серік еткен жігіттің мансап жолындағы арманы асқақ, болашағы жарқын еді. Әуелі Қазақстан, кейін Ресей, тіпті Американың үлкен сахнасында біраз белесті бағындырды. Алайда, тәлкегі мол тағдыр оны тосыннан сынға алды.

Қанат Бейсекеев, режиссер: -Барлығы үш ай бұрын басталды. Нақтырақ айтсам, наурыз айында. Таныстарым Дима жайында ақпаратты жиі жіберетін. Әлеуметтік желідегі парақшасына тап болғанымда, Дима жайлы кино түсірмесем болмайтынын түсіндім.

Өзінің бірқатар деректі фильмдері арқылы елене бастаған Қанат Бейсекеев «Хочу танцевать» картинасын 2 айда түсірген. Дәл көрсетілім алдында монтажы аяқталып, кинотуынды ыстығы басылмастан көрерменге жол тартты.

Қанат Бейсекеев, режиссер: -Димамен қиындықтар болды. Әуелде екеуіміз тіл табысып кете алмадық. Ол болған оқиғаны мүлде баяндағысы келмеді. Менің өтінішімнен кейін, тек бір-ақ рет барлығын айтып берді.

-Бұл кинокартина Дима үшін емес. Біз өмірде зағип жандарды байқай бермейміз, осы фильм арқылы мен өзгелердің назарын соларға аудартқым келді.

Дима Кима басына ауыр жағдай түскенге дейін pесейлік әнші Анита Цой мен «Винтаж» тобының ұжымында өнер көрсеткен. Бүгінде, аталмыш топ мүшесі Алексей Романов бишінің құрметіне «Огромное сердце» әнін арнап, бейнебаян да түсіріпті.

Ал, отандасымыз Қанат Бейсекеевтің туындысы желіде 1 айдан кейін жарық көрмек.