«Қайрат» футболшылары өз алаңында уысындағы жеңісті қалай жіберіп алды?

Сообщить о проблеме с эфиром

Алматылық «Қайрат» футболшылары болса, жанкүйерлерін жерге қаратпаса да, ренжітіп алғандай. Олар өз алаңында албаниялық «СкЕндербеу» командасын ұтып тұрып, тең есеп тізгінін ұстата салды! Сол баяғы соңғы минуттар синдромы... Еуропа лигасы!!! Серік Ноянбайұлы толықтырады.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұбайымен бірге тамашалауға келген бұл кездесу аса жауапты еді. «Қайрат» алғашқы минуттардан-ақ алға ұмтылып, қарсыластарын қыспаққа алумен бастады.

Өз кезегінде қарап отырмаған қонақтардың да, есеп ашатын мүмкіндіктері болды. Дегенмен, намысқа басқан жерлестеріміз 11-минутта алғашқы голды соқты. Ғафуржан Сүйімбаев жеткізген допты Жерар Гоу қақпаға тоғытты.

Матчтың екінші таймы да аса тартысқа толы өтті. «Скендербеу» ойыншылары таразы басын теңестіру үшін барын салды. Нәтижесінде 72-минутта Бакари Нимага орайы келген сәтті мүлт жібермей есепті теңестірді.

Андрей Аршавин, «Қайрат», ФК жартылай қорғаушысы: - Бірінші таймда жүрмеген ойынымыз, матчтың екінші жартысында жақсарды. Алайда, қарсылас допты бақылауда көп ұстап, кездесу тізгініне иелік ете алды. Командамызға қорғаныстан тез шығып, жылдам шабуылдау қажет еді. Ондай мүмкіндер болды, тек біз оны аяғына дейін жеткізе алмадық.

Бір ұпайды сырт алаңда лайықты еншілеген «Скендербеу» үйіне зор сеніммен атанды. Олар 20-шілде күні Корча шаһарында үміті әлі үзілмеген «Қайратты» қабылдайды.

Илир Дайя, "Скендербеу" ФК бас бапкері: - Бұл қарсыластың мықты екенін басында-ақ атап өткенбіз. Бірақ, бізге дұрыс тактика пен жақсы дайындық бүгінгі нәтижені әкелді. «Қайратқа» кеңістік бермей, қысқа пастар арқылы жылдам ойнадық. Қосымша, былтырғы Еуропа Лигасының топтық кезеңіндегі тәжірибеміз де көмектесті.

Еуропа Лигасының топтық кезеңінің төрінен табылу үшін «Қайратқа» жарақат алған негізгі ойыншыларының оралуы ауадай қажет. Сондай-ақ, тәлімгерлерінің талабын оятып, жігерін жануда Кахабер Цхададзенің атқарар ісі қыруар.