Ұлықпан Жолдасов «әнші» деген атақтан бас тартты! Музыканттың мұндай шешімге келуіне не себеп?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Ұлықпан Жолдасов эстрадамыздағы өнерпаздарды «әнші» немесе «орындаушы» деп 2-ге бөлгенді қалайды. Бүгінде EXPO-ның құрметіне жеке ән кешін дайындап жатқан музыкант, өзін соңғы топтағы танымалдардың тізімінен көреді! Неліктен?! Айырмашылығы қандай?

Жолдасов өткен жылы ғана қос астанамызда композиторлық кешін өткізді! Енді, елордада жоспарланған тағы бір жеке концертіне қызу дайындық үстінде. Ұлықпанның осыған дейінгі ән кеші 13 жыл бұрын өтіпті. Сағынған тыңдарманы, бұл жолы өнерпазға өздері қолқа салған.

Ұлықпан Жолдасов, әнші, композитор: -Ұлықпанның бір әнін естімедік. Кілең әншілерді топырлатып өлең айтқызды да, өзі өлең айтпай кетіп қалды деп айтып жатады да. Сондықтан, бір жағынан ұсыныстар болды, сосын осы жылы айтып көрсең қалай болады деп, қарап отырсам 2007-ден бір айтпаппын.

Шілде айының соңында Астанада өтетін кеш «Табиғатым-махаббатым» деп аталады. Концерттік бағдарламаға 25 ән топтастырған Ұлықпанның командасы, ескі тректерді қайта өңдеп жаңғыртуда. Ал, құрметті қонақ ретінде армениялық Сильва Акопян келмек. Ол Жолдасовтың «Өмір өзен» әнін өз тілінде шырқайды!

Ұлықпан Жолдасов, әнші, композитор: -Концерттерінің бәрі аншлаг. Сондаймен өтетін әртіс. Ол жаңағы «ВВС» каналының «Ең жас әнші» ретінде 2006-шы жылы алған 18 жасында. Өте танымал әнші. Соны шақырып отырмын. Содан кейін тағы 1-2 сюрприздер болады.

Ұлықпан мықты музыкант болса да, «әнші» деген атақтан ат тонын ала қашып отыр. Себебі, өнер иесі отандық эстрада өкілдерін «әнші», әрі «орындаушы» деп екіге бөледі екен. Жолдасов өзін қарапайым орындаушылар сапынан көреді.

Ұлықпан Жолдасов, әнші, композитор: -Мысалы менің әнімді кез-келген көшеде кетіп бара жатқан адамдар орындай алады. Бірақ, дәл мен сияқты жеткізе алмауы мүмкін. Бірақ орындай алады. Ал, әншінікі оның биік шырқау жерлері бар. Неше түрлі мелизмдері бар. Оны орындау әр адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан, әншінің аты – әнші! Біз – орындаушымыз!