Төреғали үйленді! Ұлы дала баласының дүбірлі тойы қалай өтті?

Сообщить о проблеме с эфиром

 Бүгін Ұлы дала баласы, қазақ қызға үйленді. Иә, төрт бірдей сылқымды жар етемін деп ән салған Төреш, ақыры жалғыз арумен бақытты болуды жөн деп шешкен сыңайлы. Алматыда өткен, жас жұбайлар Төреғали мен Толқынның дүбірлі тойына тілшіміз Серікқазы Аязбаев қонақ болып қайтқан еді.

Серікқазы Аязбаев, журналист:

- Бұл күнді әншінің жанкүйерлері мен БАҚ өкілдері де ұзақ күткені рас. Журналистерден бұрын ат-тонын ала қашатын Төреш, бұл жолы мың арудың ішінен таңдаған Толқын есімді сүйкті жарын жұртқа таныстырмақ! Олай болса, жас келінді көріп, батасын беріп, осы қуанышқа көзайым болыңыздар!

Иә, осыдан 3 жыл бұрын ақ құсын қолына қондырған Төреғали, бұдан былай жұбайын жұрттан жасырмайды. Осы уақыт ішінде 2 қыздың анасы атанып үлгерген Толқын да бүгін толқып жүр. Өйткені, өнерпаз жігіттің үйінде шәйін демдеп, балаларын бағып отырған келіншектің, бұл көпшілік алдына алғаш рет шығуы.

Толқын Тұрарбекқызы, Т. Төреәлінің жұбайы:

-Аллаға шүкір, ерекше бір сезім. Әрбір қазақ қызына осындай сезім тілеймін.

Төреғали Төреәлі, әнші:

-Бір күнде 4-5 ақынмен айтысқан кездер болды ғой. Бұлай қобылжымайтын едім. Бүгін ерекше бір қобалжу болып тұр. Бұдан кейін үйленбеспін десең...

Төреғали бұл тойға 300-ге жуық мейманды шақырған. Қадірлі қонақтардың басым көпшілігін ел ағалары, отандық шоу-бизнес өкілдері және әнші жігіттің өнер өлкесіндегі әріптестерін құрап отыр.  

Нұрлан Еспанов, әнші:

-Негізі бір екі аптадай дайындалдық. Мен бүгін өзімнің туыстарымның тойынан кеттім. Арнайы ол тойды қойып, осы тойға келдім. Ол жақта той менсіз өтіп жатыр.

Сондай-ақ, екі жастың қуанышына ортақтасып келген танымалдар, осы кеште бар сырды ақтаруға әзір. Осы уақытқа дейін жас келін жайлы жұмған аузын ашпаған жұлдыздар, бұл жолы Толқын туралы білетіндерін жайып салды.

Мырзахан Маханов, «Жігіттер» тобының әншісі:

- «Түсі жылыдан түңілме» дейді ғой қазақ. Түсі өте жылы, нағыз қарапайым қазақтың қызы. Әдемі, нағыз келін болуға лайықты жан.