Кореядағы Олимпиададан соң Денис Тен спорттағы мансабын аяқтай ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

Денис Тен Оңтүстік Кореядағы қысқы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінетініне өзі де сенбейді, өзгені де үміттендіріп отырған жоқ. Дегенмен, тобығын сындырып, мансабы «тұсауланып» қалған спортшы қайткен күнде де додадан қалыс қалмақ емес.

Ол 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында, алтын жолында бәсекелесуге үмітті еді. Өкініштісі, Тен тамызда Оңтүстік Кореядағы мұзды шоуға дайындық барысында, жарақат алды. Шұғыл жасалған отадан соң, дәрігерлер спортшыға үзіліс алу қажеттігін айтқан. Дегенмен, Денис жаһандық ақ аламанда өнер көрсетемін деген ойында табандап тұруға дайын. 

Денис Тен, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Аяғымның жазылуына ұзақ жылдар қажет. Мүлде қалыпқа келмей қалуы да мүмкін. Бірақ, мен бұл қауіптен қорықпаймын.

 Ақ халаттылар Дениске айлап төсекке таңыласың деп болжам айтқан. Бірақ, мәнерлеп сырғанаушы тобығы сынғаннан кейінгі бесінші күні конькиін киіп, жаттығуын бастап кетті. Зақымданған оң аяғына салмақ түсірмеуге тырысқан ол, екі халықаралық сайысқа қатысып үлгерді. Бүгінде Тен дәл осы жарақатым Олимпиада медалінен қағама деп қауіптенеді.

Денис Тен, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері:

– Мен ел қоржынына бұған дейін медаль салып бердім. Ендігі мақсатым, Олимпиада елдің есінде жатталып қалатындай өнер көрсету. Бүгінгі жағдайым, осыған дейін жинаған тәжірбием жетерлік деп ойлаймын.

Төзімділік пен құлшынысымның арқасында тезірек сауығып келем деп сендірді Денис. Орта жолда морт сынбауына жанкүйерлерінің, әсіресе Димаш Құдайбергеновтың қолдауы көмектескен.

Денис Тен, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері:

– Димаштың әнімен өнер көрсетуді Канадалық хореографым ұсынды. Димаш уақытының тығыздығынан қарамастан, музыкасын менің биіме ыңғайлап қайта өңдеп, жазып берді. Ол үшін – алғысым шексіз. Біздің серіктестігіміз әлі де жалғасады деп сенемін.

Денистің мансабы Олимпиададан соң аяқталады деп сәуегейлік танытқандар аз емес.

 Денис Тен, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері:

– Бұл қиындықтар мені одан сайын шыңдап жатқандай. Сондықтан, мансабымды әрі қарай жалғауды немесе доғаруды денсаулығыма, спортттағы жағдайыма байланысты Олимпиададан кейін шешемін.

Ал, Олипиадаға дайындығын бір сәтке де тоқтатпайды. Үмітсіз – шайтан..