Мәдина Сәдуақасова моңғолша не үшін үйреніп жүр?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Мәдина Сәдуақасова жұбайы мен ұлын қалдырып, шет елге аттанбақ. Бүгінде моңғол тілін меңгеруге білек сыбана кіріскен әншінің, шекара асудағы мақсаты не? 

Соңғы бір айда бар уақытын студияда өткізген Мәдина мен Ұшқын, Моңғолия еліндегі ән-сапарға қызу дайындалып жатыр. Алғашқыда аталмыш елдің мемлекеттік тіліндегі туындыларын шырқауға бекінгенімен, кейін жүрексінген көрінеді.  

Мәдина Сәдуақасова, әнші:

- Біз жоспарға қойдық. Біз ол әндерді көшіріп алдық. Моңғол тілінде. Біз тіпті бір кісімен жұмыс жасағымыз келді. Моңғол тілін бізге үйретіп, сөздерін... Бірақ өте сондай бір күрделі тіл екен.

Бірақ, қазақ өнерпаздарының шет елдік тыңдармандарға деген құрметі ерекше. Олар құшақ жая қарсы алған көпшілікпен моңғол тілінде сәлемдесіп, алғысын білдіруге қауқарлы. 

Мәдина Сәдуақасова, әнші:

- «Сәмбәйну» - ол амандасу, яғни сәлеметсіз бе деген сөз. Және де «байөр-гөрги» - құттықтаймын деген сөз. «Байырлылар» - рахмет деген сөз. Сол Моңғолияға осы үш сөзді жаттап бара жатырмыз. Енді, барғаннан кейін тағы да көп сөздер үйренетініміз анық.

Ұшқын Жамалбек, әнші, композитор:

- Толық сатылымға өткен билеттер. Тіпті өзіміздің жоспарымыздан артық, 1-2 концерт қосылып қалуы мүмкін деген бір сыбыстар бар.

Қос әншінің бұл бастамасы әлемдік турнеге жалғасуы мүмкін. Өйткені дәл осы концерттік бағдарламаға, аспан асты еліндегі қазақ қандастарымыз да қызығушылық танытып отырса керек... 

Ұшқын Жамалбек, әнші, композитор:

- Аяғыңды жерге тигізбейді. Өздеріңіз барсаңыздар көресіздер. Өнер адамы, әнші келіпті ғой демейді, адам ретінде. Ұлы отаннан келді ғой деген сияқты. Саған деген басқаша көзқарасы бар да, мейрімді көзқарас бар.

Бүгін Мәдина мен Ұшқын Моңғолияға аттанды. Ертең шығармашылық ұжым аталмыш елді аралап, экскурсия жасауды жоспарлап отыр. Ал наурыз айының 14-і күні, Ұлан-батордың үш мың орындық зәулім сарайында қазақстандық жұлдыздардың алғашқы ән кеші өтеді.