Ерке Есмахан БАҚ өкілдерін көрсе ат-тонын ала қашуын түсіндірді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Еркенің эстрадада жүргеніне 10 жылға жуықтап қалғанда ғана, бикешті «Қайда» атты бейнебаяны табыс пен танымалдылыққа  кенелткен еді. Аталмыш ән хит болғалы, Есмахан ел назарында! Тіпті, БАҚ өкілдерін көрсе, сұхбаттан бас тартатындай жағдайға жеткенін жасырмайды. Себебін, сылқымның өзі айтсын...

Біріншіден «Қайда» әнінің қаралымы бүгінде 63 миллионнан асып жығылады. Екіншіден әлеуметтік желіге жүктеген әр жарнамасы да, әншінің қалтасын әжептәуір қалыңдатып отыр. Бұл тізімге тойдағы табыс пен түрлі коммерциялық ұсыныстарды қосыңыз! Дәл осындай тосыннан келген танымалдылық Еркеге әсер еткені анық. Ол енді сәл де болса жұрт назарынан жырақта жүруді қалап отыр.   

Ерке Есмахан, әнші:

-Күнде Ерке. Инстаграмды ашсаң Ерке. Мен туралы бір нәрсе жазып жатады. Теледидарда, одан қалса хит-парадтарда. Барлық концерттер де жүрмін, тойларда жүрмін. Сондықтан да, шынымен де сондай болады ғой. Шамадан тыс болып кетпесін, «Ой, мына Ерке ғой» деп көргісі келмейтіндей жағдайға жетпей-ақ қояйын.

Айтпақшы, әншінің жаңалығы бар! Ол осы жылы отандық киноиндустрияға өзіндік үлесін қосуға бекінген. Ерке, өзінің актрисалық қыры мен продюсерлік біліктілігін сынға салатын фильмнің атауын #КафеМахаббат хэштегімен белгілепті.

Ерке Есмахан, әнші:

-Халыққа кішкене қызықты жаңалық болған кезде хабардар ету керек. Бәрібір не дегенмен сағындырып, анда-санда көрініп, солай жақсы деп ойлаймын.

Аталмыш картинаның түсірілім жұмыстары, қаладан тыс жерде жүріп жатыр. Еркенің кинонарықтағы алғашқы өніміне: Асқар Ұзабаев режиссерлық етсе, актерлық құрамға Әбунасыр Серіков, Шәріп Серік сынды танымалдар таңдалған.