Эрик Тастембеков экшн жанрында клип таспалауда!

Сообщить о проблеме с эфиром

Жеті жыл бойы шарқ ұрып іздеген жобасын, Эрик Тастембеков таяуда ғана тапқанын айтып, жұрттан сүйінші сұраған еді. Енді, ол өз қанатының астына алған арудың алғашқы клипін де таспалап жатыр. Жұмысқа ерекше қарқынмен кіріскен продюсер, бұл жолы экшн жанрын таңдапты...

Тастембеков, жаңа жобасының клипін бұл жолы Асқар Бисембинге тапсырған. Режиссер үшін экшн - тың жанрлардың бірі. Эксперименті сәтті шықса, келешекте дәл осы бағытта көлемді картина таспалау жоспарында бар.   

Асқар Бисембин, режиссер:

-Экшн киноны мен ешқашан түсірген жоқпын. Енді, осы клип арқылы шамалы үйренемін бе, меңгеремін бе деп ойлап жатырмын. Тәжірибе жинап аламын. Сосын үлкен киноға дайындалып келемін.

Бейнебаян желісінде бір-бірін сырттай ғана білетін бейтаныс бозбала мен бойжеткеннің махаббаты суреттеледі. Олардың арасындағы сезім оты осы дәмханада тұтанған... 

Dana, әнші:

-Бір-бірімізге деген сезіміміз ашылады. Бірақ бірден емес. Уақыт өте келе. Сосын, бір күні осы кафеге тағы да келген кезде, кенеттен қарақшылар кіріп кетеді. Сол кезде ол жігіт мені құтқаруға барынша тырысады.

Дана үшін - дебюттік туындысы тау қопарғанмен тең! Таңертеңнен кешке дейін түсірілім алаңында тер төккен әнші, талай түнді ұйқысыз өткізген көрінеді.

Эрик Тастембеков, продюсер:

-Дана қатты қобалжып жүр. Түсірілім жұмыстары таңғы алтыдан бастап, түнгі 12-ге дейін жалғасады. Кеше, ерте ұйықтау керектігін  ескерткеніммен, уайымнан көз ілмеген. Бірінші клипі ғой, қорқыныштың болуы заңдылық.

Алғашқыда, басты рөлге Санжар Мәдиев бекітіліпті. Алайда, түсірілім күні мен танымал актердың тығыз кестесі сәйкес келмеген. 

Асқар Бисембин, режиссер:

-Санжардың бір үлкен жобасы бар еді Моңғолияда. Соған кетіп қалды. Сондықтан басқа жігітті таптық та, бір істеп жатырмыз!

Ал, «Ханзадам» әніне түсірілген экшн клип, жақын күндері жарыққа шығады.