Әлем чемпионатының үздік голдары!

Сообщить о проблеме с эфиром

Тек төрт жыл сайын өтетін, жаһандық футбол додасында нәтижелі ойын көрсету - әр команда арманы. Осылай, чемпион атансақ дейтін Роналду, бір матчта хет-трик тіркеген еді. Португалдық шабуылшының ізімен, қарсыласының қақпасына әдемі соққылары дарыған футболшылар да жетерлік. Ендеше, үздік голдар топтамасы...

Әлем чемпионаты басталған жеті күннің ішінде, ірілі-ұсақты бірнеше сенсация тіркелді. Олар азулы командалардың жеңілісі, аутсайдерлердің асығының алшы түсуі және өзге де статискалық көрсеткіштер. Бұл тізімге көрік беріп тұрған –үздік голдар. Қазірдің өзінде 17 матчта 40-тан астам доп соғылған!

Жаһандық мундиальдың беташар матчында, Ресей құрамысының ойыншысы Александр Головиннің айып соққысын тамаша орындауы, әлі талай аңыз болмақ. Ал, оның әріптесі Денис Черышевтың аяғының сыртымен дөп тепкен мына добы да, Сауд Арабиясы қақпашысын шарасыз қалдырған еді. Египет пен Уругвай кездесуінде, Хосе Хименестің баспен дарытқан жеңіс голы да әдемі.

Осы жаһандық футбол додасының нағыз жекпе-жегінің бірі, Испания мен Португалия арасында өткен еді. Бұл матчта дубль автор атанған Диего Костаның мына голы – тек қас шабуылшыға ғана тән. Оған хет-тригімен және осы керемет айып добымен Роналду лайықты жауап қатты. Испания сапынан Начо шірене теуіп тағы бір марқайтты. Жалпы есеп 3:3! Криштианудан еш жерім кем емес деген Сербиялық Александр Коларов та, стандартты жағдайдан Коста-Рика қақпасынан саңылау тауып, құрамасына үш ұпай сыйлады.

Бұрынғы әлем чемпионы Германияны, тізе бүгуге мәжбүр еткен мына голды, Мексика ойыншысы Ирвинг Лосано тамаша орындады. Бразилияға бір ұпай болса да ұстатқан Каутинионың бұл соққысы, жеңіс добына лайық еді. Дегенмен, олар Швейцариямен тең тарқасты. Жеңімпаз анықталмаған тағы бір матчта Аргентина ұлы - Серхио Агуеро, викингтер ұрпағы - Исландияға бір голын дарытты. Алайда, бұл әлем чемпионатындағы тамаша голдардың тек бір парасы!