Мәди Рымбаев енді кью-поп өкілі

Сообщить о проблеме с эфиром

Мәди Рымбаев та енді кью-поп орындаушы. Жас талант бұдан-былай осы жанрда өнер көрсетпек ниетте. Роза Қуанышқызының кенжесіне шығармашылық бағытын түбегейлі өзгертуіне не түрткі болды? Бозбаланың бұл қадамының өзіндік себептері бар көрінеді.

Анасы мен ағасының жолын қуып, осыдан бірнеше жыл бұрын өнерге қадам басқан Мәдидің әнқоржынында бүгінде оншақты трек бар. Заман ағымына сай қазақ-поп музыкасына өз үлесін қосуды көздеген бозбала, мұндай шешімге келмес бұрын ұзақ уақыт ойланған екен.

Мәди Рымбаев, әнші

-Ия шынымен де, өзімнің стилімді қазір ауыстырайын деп жатырмын. Өйткені ол мен үшін жаңа қадам. Мен үшін жаңа стиль, жаңа музыка. Сол үшін қазір дайындық болып жатыр.

Ал, Мәдидің кью-поп бағытында өнер көрсетуінің басты себебі:

Мәди Рымбаев, әнші

-Меніңше ол қазіргі замануи жастарға арналған музыка. Енді мен өзім жаспын ғой, тыңдармандарым да менімен жасты. Солар үшін стилімді өзгертемін деп ойлаймын.

Рымбаевтың шығармашылық бағытын біржолата өзгертуін Роза ханым да, Әли де қолдаған екен. Жас әнші болашақта Мәди есімімен емес, өзге атпен шығуды да жоспарлап жүр.

Мәди Рымбаев, әнші

-Ешкім маған кеңес берген жоқ. Ол толығымен менің шешімім. Ешкімге еліктеген жоқпын. Лақап ат алу ойда бар. Бірақ қазір әлі қандай лақап ат болатын ой жоқ.

Бүгінде отандық шоу-бизнесте буыны енді қатайған кью-поп бағытының өнерпаздары өзіндік стилімен ерекшеленетінін Мәди де жақсы біледі. Жас әнші жеке образын өзгертуге қарсы емес.

Мәди Рымбаев, әнші

-Мен өзім шашты бояғанмын. Бірақ ол шашты бояғаннан соң шашымды күйдіріп алдым. Тақырлап алып тастадым уже. Мүмкін бояймын клипке қатысты болса. Жағдайға қатысты бәрі.

Мәди жақында өтетін кью-фестте, репертуарындағы «Сол бір кеш» әнімен тыңдармандары үшін жаңа стильде өнер көрсетпек. Музыкант сонымен қатар, тың трек пен бейнебаян әзірлеуде.