«Жыл таңдауының» продюсеры жұлдыздарға өкпелі

Сообщить о проблеме с эфиром

«Жыл таңдауы-2018» марапаты өз үздіктерін анықтады. Бірақ ұлттық музыкалық жүлденің продюсерінің, отандық шоу-бизнес өкілдерінен көңілі қалған. Себебі, ең таңдаулы ХИТ ән үшін табысталатын премияға қатысуы тиіс әншілер, сәлден соң серттен тайып, тойға кетіп қалған көрінеді.

Жан Мұқанов, продюсер:

-Олар ең бірінші сахнаның адамдары, әртістер. Әртіс болған соң осындай жүлде жасалып жатқаннан кейін, осындай үлкен сахна құрылып, осындай қаншама жұмыс жасалып жатқан кезде, ол той үшін кетпеу керек!

Иә, тойды таңдағандар – халықтың қуанышында, шоуды сүйетіндер – сахнада жүр. Бірақ, концерттік бағдарламаға есімін енгізіп, «Жыл таңдауына» келе алмаған жұлдыздарымыз да жетерлік екен.

Қарақат Әбілдина, әнші:

-Мәдина құрбым үлгермей қалды. Ол неге екенін білмеймін, үлгермей қалды. Бәрі бұйрық қой. Сондықтан да шынымен қазір күн аяз болып тұр. Көптеген рейстер ұшпай жатыр.

Ал, ұшақтан шоуға қарай асыққан әртістердің бірі – Керменбаев. Сахнаға шығуына санаулы минуттар қалғанда ғана, Нұржан «Алматы аренаға» әрең жеткен. Есесіне еңбегі еш кетпей, 20 мүсіншенің бірі «Қара балаға» бұйырды.

Нұржан Керменбаев, әнші:

-Мен бәрі алып жатқан шығар деп ойлап қалдым. Мен өзі бір аяқ асты келгеннен кейін, бір түсінбеушіліктер болып қалды да. «Жалғыз-ақ биле» әнін орындадым. 2018-де шығарған болатынмын. Еңбегің солай бағаланып жатса, әрбір өнерпаз қуанышты болады ғой. Қуаныштымын.

Бұл жолы ұлттық премияда бой көрсеткен әншілердің басым бөлігі - кью-поп өкілдері. Тіпті, ұйымдастырушылар бірлігі жарасқан өнерпаздарды бір бөлмеге арнайы топтастырғандай.

Ziruza, әнші:

-Иә, иә өзім де соны байқадым. Бұл жерде көбінесе кью-поп топтары және жеке әншілер осы жерде жиналып қалыпты. Енді

солай өздері бөлген секілді.

Сахна сырты кью-поп өнерпаздары үшін сырласудың алаңына айналса, Әли Оқаповтың әріптестерімен әңгіме айтуға уақыты тапшы.

Әли Оқапов, әнші:

-Костюм ауыстыру керек. Содан кейін сәл тартылып, денемді қыздырып, директорыммен ақылдасып, бишілермен ақылдасып, менің өз шаруам көп.

Иә, төккен тер текке кеткен жоқ. Сұрыпталған хиттердің қатарында Оқаповтың да әні үздік деп танылды.