«Жігіттер» тобының репертуары шетелде

Сообщить о проблеме с эфиром

«Жігіттер» тобының репертуары шетелде шырқалады! Аталмыш төрттік казақ әндерін ағылшын тілінде орындап, ұлттық музыканы насихаттауды қолға алмақ ниетте. Бұл іс сәтті басталса керек, отандық өнерпаздардың клипін енді Лондон жұрты тамашаламақ.

Шығармашылығын шет елде дәріптеудің алғашқы қадамын «Жігіттер» тобының әншісі Айдар жасады. Квартет солистінің су жаңа видеосы ағылшын тілінде жарыққа шыққан. Тұсауы кесілген «Аман жүр анашым» клипінде жетім балалардың тағдыры суреттеледі. Өзекті мәселені қозғаған өнерпаз, таныстары арқылы бұл бейнебаянды әлемдік арналардың айналымына енгізудің жолын тапқан.

Айдар Тұрғанбек, «Жігіттер» тобының әншісі:

-Лондонда, телевизияда таныстарым бар деді. Танитындарым бар деді. Сол жаққа Лондоннан айналдырып бере аламын деді. Бұл үлкен өзекті тақырып қой. Әлемнің проблемасы ғой. Сондықтан әлемге жібергім келді.

Айдардың бұл бастамасы сахнадағы серіктеріне ұнап қалса керек. Алдағы уақытта «Жігіттер» тобы да қазақ әуендеріне өзге тілде мәтін жазып, жаһандық тыңдармандарын тәнті қылмақ ниетте.

 Бағлан Әбдірайымов, «Жігіттер» тобының әншісі:

-Стамбулға концертпен барсақ па деген ойдамыз ғой. Мысалы, біздің репертуарымыздағы «Айқаракөз» сияқты халық әндерінің сөзін өзгертіп, сол елдің тілімен. Яғни, түрік тілімен айтуға дайындалып жүрміз деген сияқты ғой.

Отандық шоу-бизнестің кейбір өкілдері үшін шет тілінде ән шырқау аудиторияны ұлғайтудың оңтайлы жолы. Ал, акцент мәселесі оларды қаншалықты толғындарады?

Серік Ибрагимов, әнші:

-Неге біз орысша акцентпен айтқанға ұялуымыз керек? Неге біз ағылшынша айтқанға ұялуымыз керек? Біз орыс емеспіз, біз ағылшын емеспіз. Сүйтіп түзелеміз, сөйтіп-сөйтіп мықты біліп кетеміз. Сондықтан қолдау керек. Акцент деген мәселеден қорықпау керек.

Айдардың ағылшын тіліндегі әндері мұнымен шектелмек емес. Бұл жолы жетімдер тақырыбымен жүректерді жібіткен «Жігіттердің» әншісі, келесі клипін перзенті үшін түн ұйқысын төрт бөлген аналарға арнамақ!