Төреғали Төреәлі, ұлының бесік тойында қандай қулығын іске асырды?

Сообщить о проблеме с эфиром

Алып батырлар мен айбалта және қыран бүркіт. Төреғалидің отбасында ұлан-асыр той. Атышулы әнші бұл бас қосуда қызының тұсауын кесті, ұлын бесікке салды. Ұлттық дәстүрлер тоғысқан кешке Серікқазы Аязбаев қатысып қайтты.

Дүбірлі тойдың шымылдығын Төреғалидың өзі ашты. Су жаңа ән – Ұлы дала баласының ұлына арнаған туындысы екен. Сондай-ақ бұл күні Төреш үшінші қызы Фатиманың тұсауын да кесті. Төреғали мен Толқын той күні ғана қонақтарға қызмет еткенімен, ауқымды кештің толық шығынын көтерген әншінің ата-анасы.

Төреғали Төреәлі, әнші:

- Әкем мен анам бізге көп күш түсірген жоқ. Олар екеуі қосылып қонақты жақсы күтеді. Өте тамаша күтеді. Сол себептен көп нәрсені өздері ақылдасады. Біздер тиіп-қашып, әйтеуір жүкті көтеріп жүргендей...

Есесіне, атышулы әншінің ата-анасына арналған тосын тартуы бар екен. Грузия еліне жолдама. Бұл сыйлықты Төреш хабарлап, көптің көзінше табыстағанымен, істі атқарған келіншегі мен қос қарындасы болып шықты.

Төреғали Төреәлі, әнші:

- «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деп, солардың жасаған сыйлығын мен сыйлап жібердім де, сол жақсы атты болып қалдым кішкене.

Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой шіркін қашанда! Төреғали ізін жалғар Төренұрды тағатсыздана күткен. Үш қыздан кейін өмір есігін ашқан атұстар жайлы жиі армандаған екен. Осы уақытқа дейін сақталған сырды алғаш рет жақын досы ашты.

Асылхан Төлепов, актер:

- Шыны керек көптен күткен батыр. Үш қыздан кейін осындай шекесі торсықтай ұл дүниеге келіп, бұл Төреғалидың емес ата-әжесінің ұлы болады. Мен тілеймін ол халықтың ұлы болсын деп біз соған тілектеспіз.

2014-те отбасын құрып, төрт баланың әкесі атанған Төреғалидың жетістігі, оның басы бос қатарластарын да ойландырған секілді.

Анар Батырхан, актриса:

- Бізге де жұғысты болсын деп бүгін шашулар шашылды. Барлығын бірінші болып жинап алдым. Менің өз басыма келсін деп. Менің ойымша бұл өмірдегі ең үлкен бақыт бұл балалы болу.

Жанұясындағы жағымды жаңалығын көппен бірге тойлаған Төреш, шығармашылығын да естен шығарған емес. Осы жылдың күзінде «Ұлы дала баласы» өнердегі 10 жылдық мерейтойын атап өтпек ниетте.