Канн фестивалі

Сообщить о проблеме с эфиром

Әлемдегі ең беделді Канн фестивалі кіл мықты киногерлерді Көк теңіз жағалауына жинауда! Шара басталмастан, сайысқа қазылар алқасы алғашқы болып табан тіреді. Биыл жарыстың бағдарламасы қызықты картиналарға толы. Соның бірі – Михаэль Шумахер жайлы лента болмақ.

Артылған жауапкершілікті сезінді ме, сайыстың қазылар алақасы Канн кинофестиваліне бірінші боп жетті. Қара қылды қақ жарып,

әділ шешім қабылдау жауапкершілігі Алехандро Гонсалес Иньярритуға тапсырылған еді. Одан бөлек, бұл тізімде Йоргос Лантимос, Энки Билал, Эль Фаннинг, Робен Капийо сынды киногерлер де бар.

Биылғы фестивальдің тағы бір жаңалығы - Ален Делонның марапаты. Сайыстың ұйымдастырушылары майталман актерға ерен еңбегі үшін «Алтын пальма ағашын» табыстайтынын мәлімдеді.

Тьерри Фремо, фестиваль директоры:

- Ален Делонға нобель сыйлығы емес, Канн жүлдесін берейін деп жатырмыз. Сондықтан, актердың бұған лайық не лайық емес деп көпшіліктің бас қатыруы орынсыз. Меніңше, еңбек еленуі тиіс.

Канн киносайысын Джим Джармуштың «Өлгендер өлмейді» картинасы ашпақ. Еске салсақ, аталмыш лентада Селена Гомез төбе көрсеткен еді.

Сондай-ақ, шара аясында Михаэль Шумахер жайлы деректі картинаның көрсетілуі көпшілік үшін күтпеген жайт. Жоба авторларының айтуынша, лента әйгілі спортшының ет жақындарының сұхбатынан құралған.

72-ші Канн кинофестивалі 14-і мен 25-і мамыр аралығында өткізіледі деп жоспарлануда.