Құмар ойынның құрбаны Бағлан Әбдірайымов мойнына жауапкершілік жүктеуден неге қашқақтайды?

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық шоу-бизнесте құмар ойынға аңсары ауған өнерпаздар өріп жүр. Қалтасы қалыңдаса, казиноға қарай тартып тұратын танымалдардың бірі – Бағлан Әбдірайымов. Қазіргі таңда «Жігіттердің» белсендісі өзін ұятты сезініп жүр. Себебін сұрағанымызда, сырын ақтарды!

Көк түтін, қомақты қаржы, шылым мен шарап! Құмар ойынның құрығына мықтап іліккен Бағланға бұл көрініс бұрыннан таныс. Өнерпаз екі жылдан астам алтын уақытын дәл осы ортада өткізгенімен, қазір аталған дерттен құлан-таза айыққанын айтады. Басты себеп – жанкүйерлер алдындағы жауапкершілік!

Бағлан Әбдірайымов, «Жігіттер» тобының әншісі:

- Концерттерге барамыз. Апаларымыз бата беріп жатады, кішкентай бүлдіршіндерге жолыңды берсін деп, ырымдап, аузына түкіртіп жатады мысалға. Сол кезде мына іште «лайық емеспін» деген, қазақ айтады ғой: «ұрының арты қуыс» деп. Мен қуыстанып жүретінмін.

Кезінде казиноның тұрақты мейманына айналған Әбдірайымов, адасқан мерзім аралағында 200 мың АҚШ долларын «желге шашқан».

Бағлан Әбдірайымов, «Жігіттер» тобының әншісі:

- 200 мың доллардан астам ақшаны мен қолымен ұстап тұрып, ұтылып қалған жоқпын. Анадан аласың, мынадан аласың. Қарыздың үстіне қарыз қосасың. Жыртықтың үстіне жыртық қосасың. Сондай бас-аяғын есептеген кезде менде сондай қаражат шықты да. Сонда мен деген көзім бақырайып таңғалғанмын!

Отандық шоу-бизнесте құмар ойынның құрбанына айналғандар тек Бағланмен шектелмейді. Казиноның есігін торуылдап жүрген танымалдардың әркетінен әріптестері де хабардар екен.

Данияр Өтеген, Rin’Go тобының әншісі:

- Мен естігенмін әншілер барып жүреді деп. Бірақ өзім бармағандықтан білмеймін. Оны барып көру керек шығар. Мүмкін ертең ақшам тасып кетсе, басқаша қарайтын шығармын. Білмеймін! Өтірік айтпай-ақ қояйын.

Ал, Әли Оқапов ойынханаға өмірінде бір рет қана бас сұққан. Бірақ, бәс тігуге емес, түсірілім жұмыстарымен.

Әли Оқапов, әнші:

- Шыны керек, қорқамын. Мүмкін үйренсем, түсінсем, кіріп кетемін бе дегендей. Менің нақты бір ай сайын түсетін айлығым жоқ мысалға. Сондықтан ол әртістер үшін өте қауіпті.

Иә, ойынхана ешкімге де опа бермес. Сондықтан, «сырт айнала жүріңіз», - деп кеңес етеді оның шырмауына түсіп үлгерген жұлдыздар.