Дүниеқоңыз Джей Ло! Әнші көпті таңырқатты!

Сообщить о проблеме с эфиром

Дженнифер Лопес күйеуі Алекс Родригеспен Торонто кинофестивалінде көзге түсті! Әйгілі әнші шараға өзінің қатысуымен таспаланған «Hustlers» фильмін таныстыру үшін келген. Алтын түстес көйлек киіп, қолына «доллар» сөмке ұстаған Джей Лоның образы аталмыш лентаның сюжетіне арналып таңдалғандай. Себебі, картина ақшақұмар сылқымдардың бастан кешкенін баяндайды.

Дженнифер Лопес, әнші, актриса:

- Бұл рөл үшін би өнерінің қыр-сырын меңгеруіме тура келді. Түңгі клубтардағы қыздардай мың бұралып, қимылдауға машықталғым келіп, күйеуім Алекс екеуіміз, талай клубтарды араладық.

Тұсауы жаңадан кесілген фильмде Карди Би де төбе көрсеткен еді. Алайда, қызыл жолақта атышулы рэпер байқалмады.

Есесіне комедиялық картинаның өзге өкілдері шараға түгелдей қатысты. Ал, премьерада халықтың көптігінен ине шаншыр жер қалмады.

Констанс Ву, актриса:

- Жанкүйерлердің мұнда жиналғаны қуантады. Ал, туындыға келер болсам, фильм мықты, өзіне сенімді әйелдер туралы дер едім.

Кіл мықты киногерлердің басын қосқан картина сюжеті Джессика Преслердің мақаласының негізінде құрылған.

Торонто фестивалінің қазылар алқасы мен қонақтары, көптен күткен лентаны тамашалап болған соң, «The Hollywood Reporter» кешіне ат басын бұрды. Әйгілі басылым ұйымдастырылып отырған патиде, Николь Кидман мен Антонио Бандерас бастаған бомонд түгелдей бас қосты.