«Ұлы дала баласының» ұлы тойы! Қымбат қонақ үйдің тең жартысын жалға алып, туған күнін тойлаған Төреғали Төреәлі қанша қаржыға шығындалды?

Сообщить о проблеме с эфиром

Нұрсұлтан Есжан, жүргізуші:

- «Ұлы дала баласының» кез-келген жаңалығы елді елең еткізбей қоймайды. Алматының ең мықты мейрамханаларының бірінін тең жартысын жалға алып, өнердің кіл мықтыларын қонақ қылған Төреғали Төреәлінің бүгінгі туған күн кеші қандай қызықтарға толы болады? Мұны бірге білеміз.

«Ұлы дала баласы» 27-ге толдым деп, расында ұлы той ұйымдастырды. Кіл өнердің қаймақтарын мейман еткен. Кеш иесі мен ата-анасы, әрбір қонақты есік алдынан тосып, жекелеп төрге шығарып құрақ ұшып жүр.

Фариза және Дина, Төреғалидің қарындастары:

- Осы мерекенің барлығын отбасымыздың атынан жасап, осындай той ұйымдастырып кішігірім, соның өзі ағама сыйлық.

Бұрын, Төрештің тойларында көпшілік жұбайы Толқынға назар тігетін. Сірә, думанды кештерде сирек төбе көрсететін болғандықтан шығар. Бүгінгі салтанаттың бас жұлдызы – Төлеповтер отбасының болашақ күйеу баласы! «Джи-джитсу» шебері – Дархан Нортаев Төрештің Фариза атты қарындасына сырға салып қойған болатын.

«Ұлы дала баласының» еркелігінен қанша опық жесе де, қазақ шоу бизнесі тайлы-тұяғымен түгел жиналды. Тіпті, кезінде Төрешке өкпесі қара қазандай болған Жүрсін Ерман батасын беріп, тойды ашты. Әншінің өзі де әр қонағының асты-үстіне түсіп, жағдайларын қамдап әлек.

Төреғали Төреәлі, әнші:

- Төреш, көңіл күй қалай?

- Жақсы, Аллаға шүкір! Рахмет!

- Мына Алматыдағы қымбат мейрамханалардың бірінің тең жарымын жалға алып, туысқандарды күтіп жатыр деп естідік ұзын құлақтан. Рас, өтірігі? Қаншалықты рас?

- Ешқандай өтірік жоқ, солай ғой.

- Осындай қымбат мейрамханада туған күн кешін немесе үлкен мереке ұйымдастыру үшін қанша қаржы керек?

- Оны білмедім.

- Оны есептеп көру керек дейсің ғой?

- Мүмкін. Менің үйлену тойым да осы жерде өткен. Соған ыңғайлы болғаннан кейін шығар, мүмкін. Қаланың ортасында адамдарға да ыңғайлы, сыртқы қаладан келген қонақтарға да ыңғайлы.

Алматының қақ төрінде орналасқан ең қымбат мейрамханада той жасау құны - адам басына кемінде 60 мың теңге тұрады. Ал, бүгінгі 27-ші туған күнінде әнші шамамен 150-ге жуық жанды қонақ етті.

Нұрболхан Шарапов, әзілкеш:

- Тегін жүргізіп беремін, әрине. Өзіміздің бауырымыз өнерде жүрген. Бір ауыз айтты хабарласып. «Нұрболхан, туған күнім Соған келіп, Кештің бас-қасында тізгінді өзің ұстасаң» деген ұсыныс білдірді. Әрине, оған келістік. Қуана, қуана ұсынысын қабыл алдық.

Бірі тойын тегін басқарып беріп, сыйлықтан сытылып кетіп жатса, өзгелері қалталарына коныерттерін сала келіпті.

- Менде конверт бар, Анара.

- Пустой ма?

- Маратта конверт бар, сенде ақша бар.

- Иә, сол 100 доллардың көлемінде.

- 100 доллардың көлемінде? Жақсы.

- Иә, рахмет!

Кенжебек Жанәбілов, «МузАРТ» тобының мүшесі:

- Төреғали енді шынында да ол біздің осындай сахнаға бір елдің алдында жүргеніне септігін тигізген сол «Мұзарт» тобы шығар деп ойлаймын. Өйткені, 2008 жылы Қазалыға біз «Мұзарттың» концертімен барған кезде, бізге Төреәлі ағамыз келіп, менің ұлымның тұсауын кесіп бересіздер ма деп біздің стадионда жиналып тұрған халықтың алдында өтініш жасап... Неге біз мұндай баланың тұсауын кеспеске өнері асып тұрған, тасып тұрған деп біз ниет қылып, осы баланың болашағы жақсы болсын, елдің алдында ойнап-күліп жүрсін, бізден биік болсын деп, солай бір ырымдап тұсауын кескен болатынбыз.

Дүбірлі тойдың басты себепкері Төрештің өзі бүгін тым байсалды. Құтты қонақтарынан сыйлықтан гөрі өздерінің келгенін күтіп жүр.

Төреғали Төреәлі, әнші:

- Өзің етене жақын араласатын Қайрат Нұртас деген бауырың бар өнер әлемінде. Сол кісінің сыйлығы да бізге қызық.

- Мүмкін. Өзі келсе бір сыйлық болар еді ғой.

Дегенмен, жуырда бесік құда болған Қайрат Нұртас көп күттірмеді. Әдеттегідей әнін орындап, жиналғандарды бір қуантып тастады.