Лос-Анджелесте «Жанжал» картинасының жабық көрсетілімі өтті!

Сообщить о проблеме с эфиром

Лентада басты рөлді Николь Кидман, Марго Робби мен Шарлиз Терон сынды кіл мықтылар сомдаған. Фильмнің түсірілім барысы бұл актрисалардың достығын нығайта түскендей. Мұны, премьерада бір-бірінен бір сәт те алыстамаған арулардың әрекетінен аңғаруға болады.

Шарлиз Терон, актриса:

- Фильм өте өткір тақырыпты қозғайды. Қолайсыз жағдайға тап болған арулардың оқиғасы. Сондықтан, мұндай фильмнің дүниеге келгеніне ат салысқанымыз үшін қуаныштымын.

Шарлиз сөз еткендей, фильмге «Fox News» телеранасындағы оқиға негіз болған. Аталмыш компанияның бірнеше қызметкері өзінің басшысы тарапынан харасменттің құрбаны атанған еді. Кейіннен құрбылар бұл жағдайдың бетін ашып, медиамагнатты жұмысынан шығарып тынады.

Николь Кидман, актриса:

- Кейіпкерлер сексуалды зорлық-зомбылықтың құрбаны атанды. Бірақ олар бас көтеріп, барлығын айтып, халықты көтерді. Негізінде лентада ауыр тақырыптар қозғалған.

Одан бөлек киногерлер, харасмент тақырыбы шарықтап тұрғанда, фильм ерлердің заңсыз әрекетіне тұсау салатынына сенімді.

Марго Робби, актриса:

- Өзекті тақырыпты қозғаған картинада төбе көрсеткенім үшін қуанып тұрмын. Фильмді көрмеген едім. Сондықтан, бұл сәтті тағатсыздана тостым.

Ал, әділеттілік іздеген арулардың оқиғасы туралы лента желтоқсаннан бастап, үлкен экрандарға жол тартпақ!