DARKHAN JUZZ-дың музыкадағы мұрасы ұлы мен қызына қала ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

Гүлдана Мұқан, тілші:

- Біз дәл қазір Алматының жүрегі Арбаттамыз. Бірақ, мұнда әдеттегідей көңілді атмосфера, ерекше аура жоқ. Көпшілік – қазақ рэпінде өз есімін қалыптастырып үлгерген – Дархан Джузды еске алып, қайғыға ортақтасуға жиналған. Олар – бір-біріне басу айтып, оның хит әндерін бірге шырқауда.

Жақында ғана Дархан Тайландқа демалысқа кеткен еді. Жаңа үнтаспасын жарыққа шығарар тұста, бой сергітіп, ми тынықтырып қайтуды көздеген. Саяхат барысында жалға байк алып, Пхукет аралдарының ең қозғалысы көп көшесінде жол апатына түсті. Жоғары жылдамдықпен жүйіткіп келіп, соқтығысқан сәтте, тар қиылыста тіл тартпай кетті.

Нұржан Еркінұлы, сценарист, журналист:

- Өте өкінішті, өмірдің өткеніне бұл үлкен трагедия деп ойлаймын қазақ музыкасына. Қазақ тілді музыканы тыңдата білген әсіресе орыс тілді біздің халыққа тыңдата білген бірден-бір музыкант Дархан Джуз.

Рауан Шахидәулет, музыкант:

- Дархан жалпы қазақ музыкасының осылай шырқалатынын, қазақ музыкасы осындай бола алатынын дәлелдеді, өз әндерімен, жаңа жанр алып келді десек болады. Ол инди, регги, бұған дейін халық аңсап жүрген, халық соңына дейін мұндай музыка бар екенін білмейтін адамдарға осындай музыканы таныстырды.

Дарханның бақилық болғаны жайлы ақпарат 24 ақпан күні, сағат түскі 3-тер шамасында белгілі болды. Музыкантты еске алуға, аз уақытта қалың көпшілік жиналды.

DARKHAN JUZZ, музыкант:

- 20 әндей жиналды. Бірақ оны в общем асықпай көреміз, көктемде ма, қыста ма асықпай шығарамыз. Бір өзімізге дата қойып жатқан жоқпыз, шектеу қойып жатқан жоқпыз, дайын болғанда шығады бұйырса...

Дарханның асқақ армандары, ұлы мақсаттары тым көп еді. Бізге берген әр сұқбатында, ауқымды істерді тындырғысы келетінін айтатын. Музыка оның хоббиі немесе кәсібі болған жоқ. Ол өнерімен өмір сүрді. Әндеріндегі әрбір нота, әр сөз оның сол сәттегі көңіл-күйі іспетті. Сондықтан болар, жүректерге жетті. Бірақ, ғұмыры тым қысқа болды...

Дарханның инстаграмдағы парақшасында соңғы пост – жарты жыл бұрын салынған еді. Тыңдарманы әнші соңғы сәтте күйзелісте жүр ме болжаған-ды.

Нұржан Еркінұлы, сценарист, журналист:

- Ол соңғы күндері өте бақытты еді, соңғы жылдары деп айтсақ болатын шығар өте қашан көрсек те күліп, қуанып бір бақытты болып жүретін. Ол бақытты адам ретінде өмірден өтті. Ол қайғырып болмаса бір жолы болмай күйзелісте жүріп өмірден өткен жоқ, ол өте бақытты сәтінде өмірден кетті.

Бақытты шағында ол – бүтін бір альбом жазып үлгерді. Енді, «Өзен» лейбліндегі әріптестері ол үнтаспаны жарыққа шығармақ.

Дарханның соңында екі перзент қалды. Жаңа күйтабағы енді ұлы – Әди мен қызы – Айданаға мұра болып қалмақ. Яғни, стримингтік алаңдардан түскен қаражат түгел счеттарына түсіп отырады.

Рауан Шахидәулет, музыкант:

- Дархан алдағы уақытта негізі альбом дайындап жатқан. Енді жанындағы жігіттер сол альбомды, альбомның жарық көруін жүзеге асырады деген ойдаймын. Дархан өзінің атынан өшпес мұра қалдырды. Өзінің әндерімен, әндері әрқашан да жүрекке жетеді.

Дарханның мәйіті әлі елге әкелінген жоқ. Қайда жерленетіні де әзірге белгісіз. Дегенмен, музыканттың анасының атынан есеп шот ашылып, ақша жиналып жатыр. Бұл қаражат – марқұмды елге жеткізу шығынын жабу үшін қажет. Бұған қоса, 28-ақпан Астанада, 1-ші наурыз Шымкентте Дарханды еске алу кеші өтеді. Концерттен жиналған қаржының бәрі анасының есеп шотына аударылмақ.

Гүлдана Мұқан, тілші:

- Бақұл бол, керемет музыкант! Рэпердің жанкүйерлері кумирлерімен дәл осылай қоштасуда. Біз де, НТК арнасының атынан Дархан Жүнісбековтің жанұясына, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.