Оның әндерінен шынайы эмоция мен терең мағына сезіледі. Әр туындысында тым нәзік тақырыптарды қозғайды. Ол пафостан аулақ, шынайы болмысымен бағаланады. Өткен апта соло кешін өткізген Ғазизхан Шекербеков концертінде де қарапайымдылыққа басымдық беріп, тыңдарманымен еркін тілдесті.
Ғазизхан Шекербеков, әнші, сазгер:
– Концерт шығармашылық үшін жасалған қадам ба? Әлде табыс көзі ме?
– Әркімге әртүрлі. Енді өзін таныстырып жатқандар қарызға кіріп жатады. Менде екеуі десем де болады. Өзімнің ақшамды жасаймын, соған лайықтап кеш жасаймын, жинап алып, тек ақша болатын болса, қасымда көп музыкант болмайтын еді, дайындық болмас еді.
Шекербеков кеште бала күнгі арманын орындағысы келетінін айтып, ортаға Секен Тұрысбековты шақырды. Күй өнері падишасының домбыраны бөлек сөйлететінін тілге тиек ете, авторлық күйін бірге шертуді ұсынды.
Залда күйді ұғатын көрермен жиналған ба дерсің. Себебі, Секен аға сахнада тұрған 15 минут бойы жанкүйер тікесінен тік тұрып шапалақтап, құрметін жеткізді. Соңында Шекербеков ағасынан домбырасын сыйға беруін сұрап, әзілдеп еді ойы іске аспады. Есесіне інісі Еркеш Хасеннің қалжыны сәтті шығып, Ғазизхан мырзаның «Ұнады ма» әнін орындауға рұқсат алды.
Еркеш Хасен, музыкант:
– Бірден костьюм шалбарыңыз көзге түсті... Дресс- код осындай ма?
– Бүгін енді Секен ағамыз, Мейрамбек ағаларымызбен бір сахнаға өнер көрсетіп жатқаннан кейін, залда үлкендер, сондықтан ағалардан қалыспайық деп костюм киіп келдік.
– Құрмет пе?
– Иә, құрмет. Секен аға домбырамен шыққаннан кейін менің джинсымен шығуым ұят болар дедік.
Үлкенге құрмет көрсете келгендердің бірі - Тұрар. Концертіне санаулы күн қалса да уақыт тауып келгенін ағасы бағалар.
Turar, музыкант:
– Ұсыныс кімнен түсті, шығармашылық ізденіс тарапынан болды?
– Шығармашылық ізденіс дейтіндей болған жоқ негізі. Тек маған хабарласып 2-3 ай бұрын екеуіміз дуэт айтуымыз керек деді. Болды дедім. Олардікі әлімжеттік қой. Қорқыту. Сұрамайды сенен.
– Демек, қандай да бір гонорар қаржыға келіспедіңіздер ме
– ештеңе беромейді, дым, өзің төлеп келесің. Кәдімге ағалық әлімжеттік көрсектеді.
Ғазизхан Шекербеков жаңашылдықты сүйетін әнші. Талай экспериментке бой алдырып, өзінің стилін қалыптастырған жұлдыз. Бұл біздің емес, әріптестерінің бағалауы.
Ғазизхан Шекербеков, әнші, сазгер:
– Бір кездері рэпер Baller -мен де шықтыңыз ғой. Стильді өзгерту жоспарда бар ма?
– Білмеймін, ондайды жоспарламаймын. Оның бәрі сол кезде әдемі әңгімелесіп отырып, жақсы көңіл-күйде жасалатын дүниелер. Алдағы уақытта кім біледі енді.
Жұрт сүйіп тыңдайтын «Досыма» әнінің әуені басталғаны сол еді залда отырған Мейрамбек Беспаев сахнаға көтерілді. Бір кездері Ғазизхан мырза мұхит асып концерт берген ағасын қолдаған еді. Енді міне эстрада королі інісіне ізет көрсететіп, үлкендік танытты.
Мейрамбек Беспаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
– Туған күнімен құттықтаймын. Концертті көргім келеді. Өнерге деген адалдығы бар, тазалығы, Әрдайым ізденіп жүретіні, музыкуанттармен араласатыны, әрбір концерті жаңаша өтеді. Жанды дауыста айтатыны бар.
Шекербеков бұл кешпен тоқтап қалмақ емес. Енді Қазақстан бойынша тур өткізіп, өңір-өңірдегі тыңдарманын әнімен сусындатуды мақсат етіп отыр.
Ғазизхан Шекербеков, әнші, сазгер:
– Күзге дейін кішкене демалыс. Күзде концерттің несін дайындап, гастролге шығу. Сонша дайындалдық. Бір-екі сағатта бітеді де қалады.