Бүгінде кинопродюсер Рамазан Амантай желіге видео жүктесе болды, артық салмағын сөз етіп, хейт жазатын оқырманның қарасы қалың. Күні кеше танымал актер инстаграм парақшасында, арықтауға ниетті екенін айтып, көрерменіне жаттығу залынан сәлем жолдады.
Десе де, ай сайын фильм таспалауға еті үйренген Рамазан Амантай кезекті «Фамилия» атты картинасын назарынан тыс қалдырмады. Алайда артық салмағына қатысты хейттен қорықты ма белгісіз, киногер әубаста өз жобасына түсуден бас тартқан екен.
Рамазан Амантай, кинопродюсер, актер:
– Мен түсу керекпін деген міндет ешқандай жоқ. Бұл жерде енді әріптестерімнің азғантай өтінішімен түсіп жатырмын. Бұл жаққа да түспей-ақ қойсам ба деп ойлап едім...
Айта кетейік, Рамазанның айтуынша бұл жолы шығармашылық ұжым комедияға қарағанда драма жанрына көбірек көңіл бөлген.
Рамазан Амантай, кинопродюсер, актер:
– Киноның жанры - криминал. Экшн. Драма. Комедияның элементтері өте аз.
Актерлық құрамға келсек, басты рөл Мейірғат Амангелдин, Мағжан Тұрыс сынды жас актерлерге бұйырған.
Мейірғат Амангелдин, актер:
– Кейіпкерім - Марат деген жігіт. Өзінің принциптері бар. Біреудің көмегінсіз, таныстардың, жақындардың көмегінсіз өз мақсатына өзі еңбекпен жеткісі келетін жігіт. Өзі қызуқанды сонымен қатар ақылды.
– Бұл рөлге келісу сізге оңайға соқпапты. Сол рас па?
Мағжан Тұрыс, актер:
– Рас. Басында ұзақ ойландым. Өйткені мені бәрі сол Мағжан «Ұят болмасындағы» Мағжан бейнесінде көріп қалған да. Ертең мына сахналармен салыстырдым мен. Кейін ойланып, бірақ енді қызық болды мен үшін. Осы антагонисті ойнау.
Ал танымал киножұлдыз Асан Мажит болса, өнердегі әріптестерін қолдау мақсатында, эпизодтық рөлді қанағат еткен.
Асан Мажит, актер:
– Талғат деген кейіпкер. Басты кейіпкердің ағасы. Қала әкімінің көмекшісі, орынбасары. Менің рөлім кішкентай ғана болса да, бірақ өте маңызды кейіпкерлердің бірі.
«Фамилия» толықметрі 90 жылдардағы кезеңді бейнелейді. Фильм Марат есімді архитектор болуды мақсат еткен жас жігіт жайында. Ол арманына қанша ұмтылса да, жобалары сәтсіз аяқтала береді. Кейін бас кейіпкердің ағасының шені жоғарлағанда сәтте ғана оның ісі өрге домалайды. Бірақ ол бұның аяғы неге әкеліп соғарын білмеген еді...
Мағжан Тұрыс, актер:
– Атақты адамның баласын немесе інісі болу, атақты адамның жалпы туысқаны болу ауыздығыңмен алысқан асаудай сияқтысың. Өйткені, мен қазір бірнәрсеге өзім жетсем, ол айтады да тағы да ертең «Әне әкесінің арқасында» деп. Бірнәрсені сәл шалыс басатын болсаң тағы айтады. «Әне әкесінің атақ абыройына мастанып...» сөйтіп айтатындар бар.
Бүгінде шығармашылық ұжым қыстың қара суығына қарамай еңбек етуде. Ендеше, фильмнің премьерасында артық салмақтан арылуға ниеттенген Рамазан Амантайды жақсы нәтижемен көреміз деген сенімдеміз!