Көңілді би мен жарқын атмосфераға қарап, Нұрлан мырзаның кезекті демалысы деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, бұл жаңа фильмнің түсірілімі. Таяу Шығыс пен Еуропаның талай елінде кино түсіріп үлгерген, Қоянбаевтың осы жолғы таңдауы Вьетнамға түскен екен.
Нұрлан Қоянбаев, кинопродюсер:
– Біз Фукуок аралында кино түсіріп жатырмыз. Киноның аты «Айыптама». Романтикалық комедия.
Мадина Оспан, актриса:
– Жай ғана бір бірімізге шутка айтып, түп-түзу жүретін комедия емес. Бұл жерде экшн да бар. Біз лодкаға да барып, түсірдік, яхтаға да барып түсірдік. Неше түрлі жүгірістер болып жатыр.
Әдетте әр комедиясы арқылы қоғамдағы шындықты астарлап жеткізетін Нұрлан мырза, хейтерлердің сынына жиі ұшырайды. Тіпті, соңғы «Қазақ әлемі» туындысы да дүрбелең тудырғаны жасырын емес. Сол сындардың әсері ме, жаңа жобасы арқылы айыптаушыларға өзіндік жауабын беруді мақсат етіп отыр.
Нұрлан Қоянбаев, кинопродюсер:
– «Нұрлан неге комедия түсіре бересіз?» - деген сұраққа тағы да жауап берейін. Жалпы мамандығымыз комедия болғандықтан, 25 жылдай комедия саласында жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан да осы комедияны жалғастыруға шешім қабылдадық.
Актерлік құрамды жасақтауға да біраз уақыт кеткен. Үш-төрт айға созылған кастинг, өз саласындағы кіл мықтыларды таңдаған. Олардың қатарында Рүстем Жаныаманов, Мадина Оспан, Бақытгүл Серікбаева сынды танымалдар бар.
– Енді Нұрлан ағамен жұмыс істеген әрқашанда қызық ғой. Мен мысалы кішкентай кезімде көріп өстім. Сол кезде ойлайтынмын осы кісімен бір экранда өнер көрсетуім қалай болар екен деген сияқты. Осы киноға шақырғанда мен бірден келістім. Өйткені, маған идеясының өзі қызық болды және де Нұрлан ағамен ойнау маған бір үлкен бақыт деп білдім
Әр елдің салты басқа демекші, Вьетнамдағы түсірілім біріне қызық тәжірибе болса, енді бірі кедергілерге тап болған. Сондай келеңсіз жағдайды бастан кешкен актриса Мадина Оспан «жұмыс барысында өз қорқынышыммен бетпе-бет келіп, оны жеңе алдым»,-дейді.
Мадина Оспан, актриса:
– Бассейнге құлаған сахнам. Мен өзіме ол өте қиын болды. Себебі, мен жүзе алмаймын, судан қорқатын адаммын. Бір дубльмен, менде басқа шанс болған жоқ. Басқа киім болған жоқ. Сол күн мен үшін қатты стресс күн болды. Қорқынышқа толы күн болды. Мен тұрдым да суға құладым. Бірақ, енді екінші рет ондай трюк жасамас деп едім деп ойлаймын.
Фильм сәби иісін аңсаған жас отбасының оқиғасын баяндайды. Ерлі-зайыптылардың жанайқайымен қатар мидағы шектеу сынды бірқатар тақырыптар қозғалмақ.
Бақытгүл Серікбаева, актриса:
– Ауа-райына байланысты кішкене қиналып қалып жатырмыз. Өйткені, бұл жақтың ыстығы өте қатты. Бұл менің шет елдегі алғашқы жобам, сондықтан да маған ерекше эмоция қалдыруда.
Енді кинокартинаның жалғасы Алматыда түсіріледі. Шетелде алғашқылардың бірі болып, лента таспалаған Нұрлан мырзаның «Айыптама» толықметрі қандай ой салып, әсер қалдырмақ? Оның жауабын күзде үлкен экраннан білеміз.