Жұлдыздардың желідегі басты жауы бұрын хейтерлер еді. Ал қазір олардың орнын «хай-тек» басқандай. Себебі, бүгінгі технология бет-бейнеңді ғана көшірмейді, беделіңе де нұқсан келтіре алады.
Ойыңдағыны айнытпай бейленеп, талантыңды лезде таспаға басып беретін көмекші құрал, танымалдардың да мазасын қашырса керек. Кеше ғана «Ел не айтады?» деп жалтақтайтын жұлдыздар, бүгін «ЖИ не істеп қояды?» деп сескенетін күйге жеткен.
Қайрат Әділгерей, актер:
– Бір жақтың пайдасы бар, бір жақтың зияны бар. Енді сондай жаңа дүние дамыған сайын, оның да содан сақтанатын формасы да дамитын шығар деген ниеттеміз. Шыны керек содан қорқып жүрміз ғой...
Қайрат мырза шошынған дүние, кейбір әріптестерінің басынан осындай қиын жағдай өтіп үлгерді. Жақында блогер Дарикорнның дипфейк видеосы тарап, жұрт «Ерке қызымызға не болған?» деп жағасын ұстады. Бұл Дариғаның өзі ме, әлде технологияны ермек қылған, еріккендердің іс-әрекеті ме, бізге беймәлім. Талқыдан ашынған ару, істі жылы жауып қоя салмай, «дипфейк» шеберлерін заңмен қудаламақ ниетте.
Бірі абыройын ақтаса, енді бірі ақша жасап әлек. Мұндай лас контент желідегі жабық арналарда саудаланып, біреулердің қалтасын қампайтып үлгерген-ді. Айтпақшы, осындай цифрлық шабуылға блогер Сабина да тап болған еді. Оның «Ол мен емес!» деп шыр-пыр болып, шындықты іздеп, заң мекемелерінің табалдырығын тоздырғаны әлі есімізде.
Сабина Мовлаева, блогер:
– Мен өз ойым, жасанды интеллекте қарсымын. Менің ситуациямда ол ЖИ ма білмеймін. Ол біз, сол видеодағы адамды таптық. Қаншама нәрселер болды, сотқа да жүгіндік, заңгерлерді де жалдадық.
Қаржысын үнемдеу үшін, фильмдерінің постерін жасатып, ЖИ-мен жиі «Дос» бола қалатын кинопродюсерлер, бүгінде өз еңбектерінің көшірмеге айналып кетуінен қорқады.
Құралай Анарбекова, кинопродюсер, актриса:
– Біздің жылдап жасайтын еңбектерімізді бір минутта жасап береді ғой. Бірақ, жылдан жылға қарқынды дамып келе жатыр. Бір жыл бұрын мұндай болмаған. Менің ойымша жарты жылдың ішінде, кез-келген дүниеге айнытпай қайталайтын сияқты.
Қазақстан ЖИ қолдануда әлемде 71-орында болғанымен, халықтың тең жартысы бұл көмекшіге үйреніп-ақ алған. Алайда, технологияның мүмкіндігіне күмәнмен қарайтындар да аз емес.
Бақыт Тұрман, әнші:
– Уақыт үнемдеуге негізі көптеген көмегі тиіп жатыр, бірақ біреудің түр-әлпетін пайдалану, біреудің дауысын пайдалану деген сияқты кедергілер бар. Өйткені адамдардың шынайы мимикасын ешқашан, ешкім алматыра алмайды.
Алайда, шоу-бизнес өкілдерінің басым көпшілігі өздерінің бет-бейнесін көшіріп жасағандарға онша бас қатырмайтын көрінеді. Мәселен, Дариға Бадықова өзіне қатысты тараған қауесеттерге еті үйренген бе, әйтеуір бұл жағдайға сабырмен қарайтынын айтады.
Дариға Бадықова актриса, кинопродюсер:
– Ондайлар болды иә, мен енді аса бір мен емес деген жоқпын. Ұмытылып кетті ма, сондай болды, негізінде болды.
Бүгінде танымал тұлғалардың бейнесін рұқсатсыз пайдалану, алаяқтықтың жаңа түріне айналған. Технология қолды ұзартқанымен, ол заң шеңберінен шықпауы тиіс. Жұлдыздардың да басты талабы да осы.
– Жалпы ештеңені жарнамаламаймын ғой, сондықтан да бізді сондай жерге пайдаланып кетуі мүмкін. Көп адамдар ажыратпай қалуы мүмкін. Үлкен кісілерді алдап жіберетін дүниелер. Сондықтан да мемлекет тарапынан шара қолданылуы керек деп ойлаймын.
Автор: А. Сауытбек