EURASIAN FASHION WEEK халықаралық сән апталығының екінші күні ұлттық нақыштағы топтамаларымен ерекшеленді. Дизайнерлер дәстүрлі элементтерді заманауи сән үрдістерімен үйлестіріп, тың туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Әсел Акопян, EFW PR-директоры
– Бұл маусымда бізге Польша, Корея және Таиландтан танымал дизайнерлер қонаққа келеді. Сонымен қатар бүгін Kids Fashion Day жобасы өтеді. Бұл – сән апталығының ерекше жобаларының бірі. Оның аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар модель ретінде подиумға шығады.
Сән әлеміне алғашқы қадамын жасап, көпшілік алдында өз қабілетін танытуға ниетті жастардың қатары қалың. Тіпті жобаға қатысу үшін шетелден арнайы келген үміткерлер де бар.
Мөлдір Ардаққызы, модель
– Мен бүгін Eurasian Fashion Week сән апталығының екінші күнінде дизайнер Арайлы Әлиаппардың топтамасын көрсететін боламын.
Қуаныш Қалдыбайұлы, модель
– Биылғы Eurasian Fashion Week өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жыл өткен сайын сән апталығының ауқымы кеңейіп, деңгейі артып келеді.
Финалға жолдама алған 11 қатысушы бас жүлде мен білім гранты үшін бақ сынайды. Ал екінші орын иегері келесі маусымға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Ирина Байжанова, EFW директоры
– Бүгінгі арнайы қонағымыз – Италиядан келген Джавани Атанелло, Еуропадағы халықаралық аудиодизайн институтының арт-директоры. Ол сән апталығының маңызды бөлігі саналатын Fashion for Future байқауында қазылық етеді.
Байқауда жеңіске жетуден үмітті қатысушылардың бірі – қырғызстандық дизайнер Бегайым Самарқызы. Ол өз топтамасында табиғи материалдарға басымдық беріп, қолөнердің ерекше үлгілерін ұсынды.
Бегайым Самарқызы, дизайнер (Қырғызстан)
– Топтамамдағы әрбір туынды – қол еңбегінің нәтижесі. Мен табиғи материалдарды, атап айтқанда, жүн, жібек және вискозаны пайдаландым. Барлық бұйымды, тіпті киіз басу жұмыстарына дейін өз қолымызбен жасадық. Соңында дайын маталарды өзім бояп шықтым.
Сән көрсетілімінің көрермен көңілінен шыққаны залдағы қошеметтен-ақ байқалды. Әрбір топтама өзіндік ерекшелігімен көпшілікті тәнті етіп, қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Жанель Серғазина, актриса
– Сән апталығы әлемдік деңгейге көтеріліп келеді. Керемет өзгерістер болып жатыр. Маған әсіресе қазақтың дәстүрлі киімдерін заманауи үлгіде тігіп, жастардың оларды күнделікті өмірде киіп жүргені қатты ұнайды. Бұл мені ерекше қуантады.