Эксклюзив! Украинаға қоныс аударған Jah Khalib-тің ұзақ үнсіздікке кетуіне не себеп?

Сообщить о проблеме с эфиром

Jah Khalib-ті сарыла тосқан тыңдарман жетерлік. Соңғы бір жылда көзден таса болған музыкант шығармашылығын қайта қолға алған. Гастрольдік сапар, тың тректер мен жаңа альбом әзірлеп жатқан өнерпаздың үнсіздігі жеке өміріне қатысты болса керек.

Jah Khalib, музыкант:

- Соңғы кездері өмірім қиындыққа толы болды. Оның барлығы менің жеке басыма қатысты. Ол махаббат хикаясы емес, менің жақындарыма қатысты мәселе.

Jah Khalib үнтаспасының тұсаукесеріне орай, таяуда ғана Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматы қалаларында ауқымды концерт өткізді. ТМД елдерінің өзге де мемлекеттеріне арнайы ән сапар ұйымдастырған рэпердің гастролі бірнеше айға созылады.

26 жастағы Бақтияр Мамедов бүгінде Украинаға қоныс аударған. Талантты музыканттың Ресейден кетуінің себебі шығармашылығына байланысты.

Jah Khalib, музыкант:

- Ия, мен Киевке көшіп кеттім. Себебі, ол жақта жұмыс істеуіме бар жағдай жасалған. Талантты музыканттар жетерлік.

Өзге мемлекеттерде тұрса да, Jah Khalib отандық музыканттармен тығыз қарым-қатынаста. Оны рэп орындаушы су жаңа жинағында дәлелдемек. «Дети степи» музыканттарымен бірігіп бірнеше коллаборациясы әзірлеуде. Сегіз өнерпаздан құралған бұл ұжымнан өзге Бақтияр, отандық жас әншілердің де шығармашылығын қадағалап жүр.

Jah Khalib, музыкант:

- Мен барлығынан хабардармын. Әсіресе жас R-N-B орындаушылар М’Dee, Abdr, The Limba-нің шығармашылығына тәнтімін. Ғалымжан Молданазардың өнерін де аса бағалаймын.

Сонымен қатар, Jah Khalib украиналық әнші Джамала және ресейлік Марувпен бірге ортақ дуэт ұсынбақ. Жаңа альбом бас-аяғы 15 тректен тұрады.

Jah Khalib, музыкант:

- Көпшілік мені жоғалып кетті дейді. Айтарым, мен ешқайда кеткен жоқпын. Тек музыкамен айналыстым. Сондықтан менің жаңа альбомым сіздердің үміттеріңізді ақтайды.

Ал, талантты өнерпаздың жаңа бейнебаяны қазан айының соңында жарық көрсе, үнтаспасы жуырда барлық музыкалық платформаларда қолжетімді болады.