АҚШ-тың дыбыс жазу компаниялары қауымдастығы «Грэмми» жүлдесіне үміттілер тізімін ұсынды.

Сообщить о проблеме с эфиром

Еске салсақ, музыка саласының үздігін анықтайтын ең мәртебелі марапат 62-ші рет табысталмақ. Бұл жолы бодипозитив орындаушы ретінде кеңінен танымал Лиззо 8 бірдей аталым бойынша бақ сынамақ. Олардың арасында «Жыл таспасы» номинациясы да бар.

Билли Айлиш те ең көп аталым бойынша үміттілер қатарында! 17-жастағы әнші «Жыл альбомы», «Жыл әні», «Үздік жаңа орындаушы» сынды алты бірдей марапатты еншілеуге құлықты.

Билли сынды, Lil Nas X-тің де есімі бұл тізімде алты рет кездеседі. «Old Town Road» трегін Билли Рэй Сайруспен бірге шырқаған рэпер үшін биылғы жыл табысты болғандай! Музыкалы чарттардан түспеген туындысының арқасында хип-хоп орындаушы «Үздік дебют» атағына үмітті.

Ал, экс-ғашықтарына ән арнаған Ариана Гранде 5 марапатты місе тұтқан. Әншінің «Thank U, Next» жинағы «Жыл альбомы» болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, «Грэммиге» үміттілер арасынан Леди Гага, Бейонсе, Лана Дель Рей мен Тейлор Свифт те табылды.

Әріптестерінен оза шауып, кімнің ең үздік музыкант атанатыны қаңтардың 27-сі белгілі болмақ. Бұл жылы салтанатты кештің жүргізушілік тізгінін Алиша Киз алды.