Қазақ киносындағы жаңа есімдер! Режиссерлар неге жаппай жас актерларды тарта бастаған?

Сообщить о проблеме с эфиром

Бәсекесі бітпейтін кино әлемінде жас актерлардың күнелтуі қиынның қиыны. Азулылар алдын орап, мықтылар басып озып кетеді. Бірақ кейбір режиссерлар тың ерекшелікті қалап, жаңа есім ашуға ұмтылады. Мәселен Асқар Ұзабаев әр фильміне жас актер іздейді екен.

Асқар Ұзабаев, режиссер:

- Бүгінде өте таланатты талапты жастар өсіп келеді. Олармен жұмыс істеген де қызық және ол актерлардың киноға түсуге деген талпыныстары да өте жоғары. Мысалы мен үшін Индира Меңдібаева деген актриса жаңалық болды.

Режиссерларға жаңалық болып жүрген жас актриса Индира Меңдібаева, әр образына тыңғылықты дайындалып, өзіне деген талапты жоғары қояды екен. Соңғы түскен толықметрлі фильмінің кастингінде Асқар Ұзабаевқа ұнау үшін бар жанын салыпты.

Индира Меңдібаева, актриса:

- Кастингтердің соңғы күндері болатын. Асқар Ұзабаев ағамызға дәл сол кастинг күні түсіп қалдым. Асқар ағаның көптеген сұрақтарына жауап беріп, қойған талаптарының бәрін сол жерде көрсеткем. Содан бірден өттім.

Бұған дейін түрлі телехикаяларға түсіп жүрген, «Ninety one» тобының әншісі Азамат Ашмақын: «Бұл менің кино әлеміндегі алғашқы ауқымды тәжірибем болды. Өзіңді үлкен экраннан көрген ерекше екен» дейді.

Азамат Ашмақын, «Ninety one» тобының әншісі:

– Түсірілім кезінде өте бір керемет сезімде болдым. Бірінші опыт үлкен, үлкен сценалар. Үлкен, ауқымды бір көріністер болғаннан кейін барынша, бір өзгеше ойнап шығуға тырыстым енді өз рөлімді дұрыстап ашуға.

Кино – бір орында тұралап қалмай, қарқынды дамуы үшін үнемі жаңашылдық, ерекшелік керек-ақ. Соңғы жылдары отандық режиссерлар талай жастың арманына қанат бітіріп, кино әлеміне қадам басуына үлес қосты. Солардың арасында: Альмира Тұрсын, Асқар Ілияс, Эльтерес Нұржанов, Сиситай, Әйгерім Мақсұтова сынды дарындар бар.