Хит әндерінің авторы – Еркеш Шәкеев 58-ге толды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Ол – «А студио», Батырхан Шүкенов, Алла Пугачева, Париз Назаров сынды әртістердің хит әндерін өмірге әкелген маэстро. Ол әр нотаны жанымен сезетін сезімтал сазгер. Бүгін Еркеш Шәкеев 58-ді еңсерді! «Время любви», «Полжизни», «Fashion girl», «Я погиб вчера» туындыларының авторы төл мерекесін атап өте ма? Келесі сюжетте.

Қазақстан мен Ресей музыкасы арасындағы алып көпірге айналып, өмірге талай хиттарды алып келген композитор – Еркеш Шәкеев бүгін 58-ді еңсерді!

Шәкеев мансап жолын тұңғыш рет 1989 жылы «А студио» тобымен бастаған болатын. Сазгердің бұл ұжымға жазған әндері расында да ел арасында тез таралып, бірден хит тректер тізімінен табылды. Мәселен: «Сезон дождей», «Эти теплые летние дни», «Солдат любви» туындылары әлі күнге дейін актуалдылығын жоғалтқан емес.

Кейін композитор Алла Пугачеваның ғұмырлы әндерін примадоннаның өтінішімен жазды. Әсіресе «Остров надежды» туындысы Еркеш мырзаға шын танымалдылық сыйлады. Шәкеев жұмыс істеген атақтылар қатарында: «Мюзиккола», «101», «Ялла» топтары және Батырхан Шүкенов, Анита Цой, Ани Лорак Рахат Тұрлыханов бар.

Бірақ Еркеш Шәкеев бүгінде барлық шоу-бизнес өкілдерімен жұмысты түбегейлі тоқтатқан. Оған басты себеп сазгердің өз жан рақаты үшін жұмыс істеуі екен.

Еркеш Шәкеев, сазгер:

-50-ге толғаннан кейін ұсыныстар көбейіп кетті. Бірақ мен бәрінен бас тарттым. Енді жан қалауымды жазып, өзімді дамытқым келеді.

Өткен жылы өнерде жүрген 30 жылын дүркіретіп атап өткен Шәкеев, сол концерттен түскен ақшаны түгелдей қайырымдылыққа жұмсаған еді. Композитордың көпбалалы анаға Алматыдан төрт бөлмелі пәтер тарту еткені әліге дейін ел есінде.

Еркеш мырзаның классикаға кетіп, игі істерге бет бұруына ұлы Сафардың қазасы қатты әсер еткен. Ол өткен жылы Лондонның ең «мен» деген сазгері Крис Портeрмен келісімшартқа отырып, «Remеmber me» альбомын жарыққа шығарған болатын. Бұл жинақты ұлының рухына арнады.