Еріктілердің еңбегі еленді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Тасада қалып қоя беретін еріктілердің еңбегі осы пандемияда айқын көрінгені сөзсіз. Танылуға үлкен септігін тигізген бірден бір құрал – интернет. Ән айтып, ел көңілін көтерген санитар-ерікті естеріңізде болар?

Жер-жерді аралап, жұртқа көмек көрсеткендердің бірі – Тілеубек Нұриддин. Тілеубек карантин кезінде жұмыссыз қалса да, қол қусырып жатпады. Төтенше жағдай енгізілген күннен бастап, «Almaty volunteers» ұйымына қосылып, жәрдемге асыққан. Енді міне бүгін, қор ұйымдастырған шарада «Шапағат» номинациясын иеленіп отыр.

Тілеубек Нұриддин, ерікті:

– Мен енді осы бүгін «Шапағат» деген номинациясы бойынша приз алдым. Негізінен біз үлкен іс атқардық қой, пандемия кезінде. Сондықтан біз үшін үлкен мотивация, осы біздің волонтерлік ісіміздің ары қарай дамуына. Мемлектіміздің дамуына үлес қосуына үлкен мотивация.

Алматыда пандемия бойы елге ерен еңбектерін сіңірген еріктілер тобы алғаш рет марапатталды. «Almaty volunteers» ұйымы 7 айға жуық ауыл-ауыл мен ел-елді аралаған волонтерлардың атқарған істерін елеп, алғыс хаттар мен мүсіншелер табыстады.

Қала берді, қоғамдық қордың басты мақсаты қала бойынша барлық еріктілердің басын біріктіріп, ортақ платформа яғни ақпараттық алаң орнату екен. «Аздаған уақытта біз бұл мақсатқа жеттік деп ойлаймын», - дейді ұйым жетекшісі.

Диана Амангелді, «Almaty volunteers» ұйымының координаторы:

– Қазіргі таңда марапатталынатын еріктілер, біздің тарапымыздан ол кісілерге біздің естелікке қалсын деген мәліммен статуэтка деп айтылады ғой, әрқайсысының өзінің номинациясы бар. Мысалыға: «Мейірім», «Жүрек жылуы», «Батыл жүрек», «Шапағат», «Аялы алақан», «Қамқоршы» дегендей номинациялармен марапатталып, халық алдында, Алматы қаласы бойынша осы марапатқа ие, лайықты ерікті болып табылады.

Карантин басталғаннан «Коронавирус кет, кет» деп елеңдеулі ел көңілін аулаған – Марат Омаровқа да биылғы жыл оңай соқпады. Аяулы анасынан айырылған сазгер, «енді ешкім жыламаса екен» дейді.

Марат Омаров, әнші:

– Бүгінгі алып келген жаңа әнім ол – «Аман бол, халқым аман бол» деп аталады. Яғни өздеріңіз білесіздер, осы 5-6 айдың ішінде қаншама халық дүрлігіп, қаншама азаматтар ортамыздан кетіп қалды. Қаншама ағаларымыз, інілеріміз, бауырларымыз, ата-аналарымыздан айырылып... Міне, сондай болмаса екен, халқым аман болсын.