Жұбаныш Жексенұлы жанды дауыста кішігірім концерт өткізді!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Өкінбе сен», «Нурикамал», «Жолдар» сынды талай хиттердің авторы атанған Жұбаныш Жексенұлы әлі де сұраныстағы әншілер қатарында. Оған өнер иесінің жеке ән кешіне келген тыңдарманның көптігі дәлел. Музыкант карантинге байланысты кішігірім болса да, жанды дауыста концерт беруді жөн көрдім деп отыр.

Жұбаныш Жексенұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бастапқы негізіндегі өзіміздің арманымыз, ойымыз осы, ансамбльмен менің өзімнің жеке арманым болатын өзімнің жеке ансамблім болса, сонымен ылғида қай жерге барғанда да, мейлі ол той болсын ой болсын. Сол бірінші рет сол ойымызды іске асырып көреміз.

Сахнаны сағындым деген Жұбаныш Жексенұлы бұл кеште жалғыз болмады. Live форматта өткен концертті әнші өзінің ұлы Әбілқайырмен төбе көрсетті. Бүгінде ол Абик есімімен танылған-ды.

Жұбаныш Жексенұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- 1 айдың көлемінде дайындалдық. Ол деген негізінде жақсы концерт үшін бір ай өте аз уақыт. Бірақ дегенмен қолдан келгенше барлығы жаңағы менің өзімнің ұлым музыкант, гитарист, сол Абиктің достары барлығы оқыған музыканттар, оның ішіндегі ең оқымағаны мен.

Енді Жұбаныш бұрынғы хиттерін ұлымен қайта жаңғыртпақ ниетте. Өнер иесінің айтуынша, ескі композициялар бүгінгі туындыларға қарағанда мәнді де мағыналы. Сондықтан да музыкант өзінің жетістігінің құпиясын осы әндері санайды.

Жұбаныш Жексенұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Аға буынның музыкасы жалпы өте сондай мәтін жағынан, жаңағы өлең жағынан ән жағынан өте сауатты және сапалы болған сондықтан шығар деп ойлаймын оның ешқандай бір жасырын бір рецепті жоқ.

Жексенұлы сондай-ақ, нью-скул әншілер жайлы өз ойын ашып айтты. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Қазіргі жастар тректерін жеңіл-желпі ұсынуды әдетке айналдырған», - деп күйінеді.

Жұбаныш Жексенұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бүкіл әлем дөңгеленіп дамып өсіп келе жатыр, ол бұрыс жағынан ба, дұрыс жағынан ба мен оны айта алмаймын. Бірақ дегенмен соның да әсері болады, интернеттің әсері болады. Тек қана біздің елдің басындағы жағдай деп ойламаймын, барлық елде де, барлық жерде де осындай мағыналы мағынасыз әндер көп.

Сондықтан, Жұбаныш Жексенұлы: «Жас музыканттар тренд қуалап, өзгелерге еліктемесе екен», - дейді.