«Jol» деректі фильмі жарыққа шықпақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Jol» деректі фильмі заманауи Қазақстанның мәдениеті мен жастар арасындағы субмәдениетті, қала берді осы күнгі тенденцияны жаңа қырынан көрсеткен ленталардың бірі. Туынды 5 бөлімнен тұрады: музыка, кино және театр, спорт пен интернет, әлеуметтік желіде танылған тұлғалар картинаға негіз болған. Олардың қатарында: 91 тобы, Нагимуша, Биботта, Дәулет Мұқанов, Darkhan Juzz сынды танымалдар бар.

Циклдың алғашқы бөлімі дарынды режиссер, журналист, оператор, сценарист, «Bala», «Көшпенділер», «АҚШ-тағы қазақтар» сынды жобалардың авторы Қанат Бейсекеевтен басталады. Аты аталған картиналардан өзге, Қанат америкалық «Netflix» компаниясына «Көкбуырыл» киносын түсірген. «Бастапқыда менің тек санаулы ғана кадрларымды алады деп ойладым. Бірақ жоба соңында хабарласып, алғыстарын айтқанда қатты қуандым», - дейді ол.

Халықаралық «Алтын орда», «Алжир», «Проявление» фильмдерінде басты рөлді сомдаған, 15-ке жуық туындыда төбе көрсеткен Дина Тасболатова келесі кейіпкер. «Жұмысымнан ләззат аламын. Киноны таңдағаныма өкінбеймін», - дейді ол.

Фильм Халықаралық «Номад» каскадерлар тобының басшысы – Жайдарбек Күнғожиновпен жалғасады. Голливудтық талай туындылардың каскадерлық іс-қимылдарының авторы жұмысының оңай емес екенін, десе де оны жаны сүйіп жасайтынын айтады.

Деректі фильм ары қарай: кинопродюсер, қоюшы-оператор, 1000-ға жуық бейнебаян, 50-ге тарта толықметр мен отыздай жарнама ролик таспалаған Азамат Дулатов жайлы өрбиді. «Менің өз әлемім бар. Оны ештеңеге айырбастағым жоқ», - дейді Азамат.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Jol» деректі фильмін «НТК» арнасының көрермені 21-ші қарашадан бастап, сағат 17:30-да тамашалай алады.