Дильназ Ахмадиева M’Dee, The Limba-мен бірлесе альбом ұсынбақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Дильназ Ахмадиева декреттік демалыстан кейін алғаш рет жанды дауыста ән кешін өткізді. Біраз уақыттан бері сахнада өнер көрсетпеген орындаушыны тыңдарманы сағынып қалған. Оған дәлел – концерт билеттерінің бір күнде сатылып кетуі.

Дильназ Ахмадиева, әнші:

– Дайындық керемет өтті. Карантин кезінде сахнаны қатты сағындым, әсіресе жанды дауыстағы кеш өткізуді. Себебі, бэндпен бірге өнер көрсетудегі энергетиканы сөзбен айтып жеткізе алмайсың.

Лаундж форматта өткен концертте, Дильназ 20 жылдық тарихы бар хит әндерін орындап, тыңдарманын ностальгияға бөледі. Өнер иесінің киіну стилі де ерекше – ретро үлгіде. Фанаттары сондай ақ, декреттік демалыстан енді шыққан Дильназдың, мінсіз мүсініне тәнті болды.

Дильназ Ахмадиева, әнші:

– Ескі әуендерімнің оранжировкасын өзгерттім. Заманға сай етіп жастар тыңдайтындай өңдеп көрдім. Бұл идея өзімнің де, тыңдарманымның да көңілінен шыққан сынды.

Ал жанды дауыстағы ән кеште Дильназды қолдап келгендер көп болды. Солардың бірі, бэк-вокалда өнер көрсеткен Әли Оқапов. Ал әнші Сейфуллин Жолбарыс, Дильназдың ата-анасы, жары және туған ағасы Дильшат көрермендер қатарынан табылды.

Дильшат Ахмадиев, әнші:

– Мен Дильназдың концерт беретіні туралы бүгін ғана естідім. Бірден жиналып, қарындасымның ән кешіне көрермен боп, қолдап келіп отырмын.

Дильназ: бұл кеш шығармашылығымды қайта қолға алуыма түрткі болды, - дейді. Енді Ахмадиева тыңдарманын жаңа туындыларымен қуантпақ ниетте. Әнші ТМД-ға танымал жас музыканттармен бірлесе альбом ұсынбақ.

Дильназ Ахмадиева, әнші:

– M’Dee, The Limba сынды жас музыканттармен ер альбом әзірлеп жатырмыз. Жігіттерге ортақ коллаб жасайық деп өзім ұсыныс тастадым.

Еске салсақ, Дильназ бұған дейін The Limba-мен ортақ трек ұсынған болатын.