Білгенімен бөлісіп, бақыт пен байлыққа үндеп жүрген танымалдар кімдер?

Сообщить о проблеме с эфиром

Ел ішінде білгенімен бөлісіп, бақыт пен байлыққа үндеп жүрген танымалдар қаншама. Мәселен, блогер Әсел Асқардың айтуынша, оның курсына қатысқан 40 қыз тұрмысқа шығып, алтауы іргесі сөгілгелі тұрған жанұяларын сақтап қалған екен. Енді Әсел психологияның жаңа шыңына шыққысы келеді. Ол үшін тіпті шет елден 5 миллион теңгеге коуч жалдап, дәріс алып жатыр.

Әсел Асқар, актриса, блогер:

– Мен осы 8-9 жыл бойы көптеген қаражатымды осы білім жағына салдым десем болады. Егерде бүкіл салынған қаражатымды қосып санайтын болсам, кәдімгідей Алматының төрінде тұрған үш бөлмелі пәтерден екеу болады. Автосалоннан бір жаңа көлік. Су жаңа джип.

Шаш етектен шашылғанымен, Әсел бір жылда қаржысын еселеп қайтарып алған. Құны 8 000 тұратын курсты 30 мың адамға көбейткенде 240 миллион теңге шығады.

Әселдің психологиялық курстарына күдікпен қарайтындар да көп. Оған себеп – блогердың жеке өмірі. Естеріңізде болса, Әсел ағымдағы жылы, мамыр айында екінші рет ажырасқан болатын.

Әсел Асқар, актриса, блогер:

– Бетіме де айтады: сіз екінші рет ажырастыңыз. Не деп ақыл үйретіп отырсыз,-деген. Ит үреді. Караван жүреді деген сияқты.

Өзгелердің өмірін өзгертуге талпынып, қыздарға марафон ұсынып жүрген жұлдыздардың тағы бірі – Фариза Ескермес. Актрисаға да сын пікірлер қарша борайды. Бірақ Фариза: «Мен өз жұмысымды білемін»,-дейді.

Фариза Ескермес, актриса:

– Жалпы қазір 21-ші ғасырдың адамы – ол тек қана бір жұмысты істеп қоймайды. Егер де ақша көп тапқың келсе, танымал болғың келсе, жалпы өзің сондай энергия тұрғысынан өте күшті болу үшін, әр түрлі жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

Психологиямен 21 жылдан бері айналысып келе жатқан дизайнер Құралай Нұрқаділованың да нәзік жандыларға арналған курстары бар. Тіпті бағасын қол жетімді етіп қойған. Небәрі 3 500 теңге.

Құралай Нұрқаділова, сәнгер:

– Маған хабарласатын әйелдер өте көп. Ең жиі қойылатын сұрақ: «Менің неге мәнсапта жолым болмай кетті? Күйеуім көңіл бөлмейді» сынды сұрақтар. Жауабы оп-оңай: ол ішкі рухтың түсіп кетуі.

Осы сынды сабақтар өткізуге әуес әртістердің қатарында: Айнұр Тұрсынбаева, Айым Сейтметова, Айжұлдыз Адайбековалар да бар. Бірақ хас мамандар тұрғанда, жүзі теледидар мен желіден жалт еткен жұлдыздарға жүгінген қаншалықты дұрыс? Құйған қаражат пен артқан сенім ақтала ма?