Ол тәтті дауыс иесі. Елдегі ең беделді герлз бэндтің экс-мүшесі. Бүгінгі әңгіме Айдана Меденова жайында. Сұлулығы мен таланты Азия жұртшылығын тәнті еткен әнші 3 жыл бұрын ел күтпеген шешім шығарған еді. Музыканы нашидке, микрофонды орамалға алмастыратынын айтып, елді елең еткізген талант жақында сахнаға қайта оралатынын мәлімдеді.
Айдана Меденова, әнші:
– Кішкене қобалжу бар, бірақ жақсы барлығы. Көптеген жоспар бар. Әндерді бірден жазып кеттік. Қазір әндерді өзім жазамын, баяғыдай айлап күтпейсің композиторлардан.
Репертуары ырғақты әндерге толы Меденова енді лирикаға басымдық бермек. «Ішкі сезімдерімді осы жанр арқылы жеткізуге бекіндім»,- дейді әнші.
Айдана Меденова, әнші:
– Мен ешқандай әртістерді тыңдаған жоқпын, жалпы музыкаға қатты жақын болмадым, демалыс болды. Ешкімнің туындыларына назар салмадым.
– Тыңдарманның басым бөлігі қайта оралғаныңызға қуанышты. Десе де кері пікір жазып жатқандар да баршылық. Хэйтпен қалай күресіп жатырсыз?
– Бұл менің жолым, қазір былай. Ертең қалай болатынын мен білмеймін, сіздер де білмей сіздер. Сондықтан асығыс пайым жасап қоймаңыздар дегім келеді. Камераның артында не болып жатқанын, толық картина қайндай екенін білмейсіздер.
Иә, көрермен толық картинадан беймәлім. Шет-жағасын білген соң өздігінше болжам жасайтыны да содан болар.
Айдана Меденова, әнші:
– Өнерге қайта оралғаныңызды, камбэк жариялағаныңызды жолдасыңыз қалай қабылдады? Өйткені көпшілік, өнер жолынан кетуге сол кісінің ықпалы тиді деп ойлайды.
– Ол кісі маған өте қатты қолдау жасайды. Сондай кезеңдерді бірге өтеміз барлығын. Жаңалық ретінде қараған жоқ, біз бәрін бірге шешеміз.
– Ал 3 жыл бұрын шешіміңізді қалай қабылдады?
– Әр адам өз өмірінде шешім қабылдайды ғой. Ол кезде де мен оны ақырындап айттым. «Ойлан, сен өнерді тастай алмайтын шығарсың…» деді.
Айдана тыңдарманды қуантуға білек-сыбана кіріскен. Қазір 4 ән өңделуде дейді. Соның бірін 15 жыл бұрын айырылған анасына арнамақ.
Айдана Меденова, әнші:
– Жақында анам туралы ән жаздым. Өте қиын болып жатыр мен үшін. Өте әдемі ән шығатыны сөзсіз. Жазбай тұрып, сөзіне әніне мән беріп жатырмын. Менің ғана анам емес, барлық аналарға арналады. Жүректеріңізге жетеді дегшен үміттемін.