Өнерде 22 жыл. Бір кездері «әдемі қыз» деп ән салып үлкен сахнаға аяқ басқан өрімдей қыздың өнерде жүргеніне осынша уақыт болған екен. Айтулы датаға орай Қазақстан бойынша тур өткізіп, өңірдегі тыңдарманымен қауышпақ.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
– Күзге дейін Қазақстан аумағында тур өтеді. Көктемде халықаралық тур Қытай бар, жақын Ресей бар, Қырғызстан, тағысын тағы...халықаралық тур дайындап жатырмыз.
Осыған дейін 8 жыл бұрын кеш берген Әуелбекова толқынысын жасырмады. Турды аяқтаған соң үлкен концерттің қамына кіріспек. Алматы мен Астана жұртшылығын ауқымды шара күтіп тұр дейді әнші.
Мөлдір - Баян бағын жаққан жұлдыздардың бірі. Әуелбекова да, тыңдарман да мұны жақсы біледі. Кейінгі уақытта БМ танытқан арулар продюсердің қарамағына қайта оралып жатқаны мәлім. Сондықтан осы төңіректегі жоспарын білуге асықтық.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
– Баян Мақсатқызы ұстазым. Мықты мектеп мен үшін. Ол кісі шақырған концертерге шығып жүрмін. Продакшнға оралу ойда жоқ. Мен жеке аяқтанған әншімін деп ойлаймын. Сол себепті, тек шақырған кезде барамын.
Трек-листке репертуарындағы ең танымал әндерді таңдаған. «Хит те, фит те»,- болады дейді әнші.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
– Сіздер күтпеген, күтпейтін де, ойламайтын миларыңызға сыймайтын тосынсыйлар болады. Оның бәрі құпия болып қала берсін.
Биыл жұлдыздардың қарқыны қатты. Жыл бастала салысымен тыңдарманын таңғалдыруға білек-сыбана кіріскен. Мөлдір Әуелбековадан да жоспарлары жайлы сұрадық. Концерттің жайы түсінікті, ал жеке өмірінде қандай жаңалықтар бар?
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
– Биылғы жылды мен шығармашылығыма арнаймын, биылғы жылды мен өзіме арнаймын. Сондықтан көптеген жаңалықтар болады, көптеген тосынсыйлар болады.
«Жылды өзіме арнаймын».- дейді. Күтпеген жаңалықпен қуантатынын да айтып қалды. Кім білсін, мүмкін жаңа статусқа кенеліп қалар. Болжам жасаудан аулақпыз, сондықтан бірге бақылайық. Ал әзірге концертінен қапы қалмаңыз, көрермен.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
– Құрметті көрермен, тыңдарман сіздерді турыма шақырамын. Әрбір қалада, өңірде. Концерттер кестесіне қарап көріңіздер. Тек жанды дауыста. Сағынған шығарсыздар деп ойлаймын. Қазір небір әнші, небір ән бар. Құрақтың құрышын қандыратын сапалы концертке келіңіздер күтемін сіздерді. Көріскенше!