Әнші, композитор, мультиинструменталист! Бүгінде Димаш Құдайберген бір басына бірнеше өнерді сыйдырған ел мақтанышы. Қазақстанның халық әртісі бала кезінде ойнаған домбырасын музыкалық аспаптар музейінің қорына табыстады. Бұл ұсынысты мұражайдың жетекшісі Айтбаевтар отбасына өзі жасаған екен.
Светлана Айтбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Д. Құдайбергеннің анасы:
– Ең алғаш Бауыржан Өзбекәліұлы хабарласып, Ықылас музейіне Димаштың бір домбырасын сұраған. Бідің қолымызда енді Димаштың бала кезде ойнаған бір- екі домбырасы бар еді. Оның біреуін біз Ақтөбеде туған қаласындағы мұражайға қалдырдық. Екінші аспабын осы Ықылыс музейіне береміз деп ұйғардық.
Айтбаевтар отбасы мен аспаптар музейі бірлесіп жасаған экспозициясын «Димаш: бір дауыс – мың ел» деп атаған. Көрменің ресми ашылу салтанатында Димаштың өзі бой көрсетті. Ал шараға келген халықтың қарасы қалың болғаны соншалықты, ғимаратқа сыймай да қалды.
Димаш Құдайберген, Қазақстанның Халық әртісі:
– Қолдап, қолпаштап жүргендеріңіз маған ерекше шабыт береді, күш береді, рух береді. Сол себептен рақмет. Соны айтуға шықтым сахнаға.
Көрменің басты мақсаттарының бірі артистің жанкүйерлеріне оның жеке заттарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беру. Яғни, музей қызметкерлері экспозицияға қызығушылық танытқандарға Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейдегі жетістіктерін таныстырып, оның ең құнды заттары аспаптары мен костюмдері жайлы ақпарат береді.
Светлана Айтбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Д. Құдайбергеннің анасы:
– Ең алғашқы Димашқа сыйланған аспаптардың ішіндегі ең алғашқысы Беларусь фан клубының сыйлаған гуслиі. Содан бері енді қазіргі таңда аспаптардың саны біразға жетіп қалды. «Көремін, білемін, үйренемін!» деген жастарға бір үлгі болса.
Музейге жалпы саны 70-тен астам аспап әкелінген. Оның ішінде Димашқа Куба, Ирландия, Малазия сынды әлемнің түкпір-түкпірінде табысталған сыйлықтар. Одан бөлек, олардың қатарында Майкл Джексонның жеке стилисі Залдидің әншіге арнайы дайындаған сахналық костюмі де бар.
Димаш Құдайберген, Қазақстанның Халық әртісі:
– Барлығы мысалы кез келген мемлекетке барғанда шын пейілімен, ниетімен сол сыйлық жасайық деген оймен беріп жататын болғаннан кейін қазір біреуін айтып, біреуін айтпасаң ол да қате ғой негізі. Сол себептен бәрін жақсы көремін деп айтайын.
Десе де, көрмедегі құнды заттардың қатарына енбей қалған аспаптар да жетерлік дейді, Димаштың анасы Светлана Айтбаева.
Светлана Айтбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Д. Құдайбергеннің анасы:
– Жалпы саны енді одан көбірек. Мысалы, белгілі бір тұлғалардың берген арнайы үлкен аспаптары бар. Оның ішінде Айман Қожабекқызының берген әдемі клавиновасы бар немесе Индонезиялық фанаттарының берген сасандра аспабы ол өте нәзік аспап.
Көрмеге Димаш Құдайбергеннің шетелдік фанаттары да қызығушылық танытқан-ды.
Әдемі Мұратова, экскурсия жетекшісі:
– Біз көрме болады деп мәлімет берген күннен бастап осы, барлық жерден Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері жазып, қолдап өздерінің ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Келе алмасақ та енді ашылуына келмесек те кейінірек осы бір ай көлемінде келеміз деген секілді өздерінің пікірлерін жазып жатыр.
Айта кетейік, көрме небәрі 1 айға созылмақ. Сондықтан Димаш Құдайбергеннің құнды естеліктерін көру мүмкіндігін жіберіп алмаңыз, көрермен!