Михаил Шайдоров Алматыға оралды. Мегаполис жұртшылығы чемпионды ерекше құрметпен қарсы алды. Түнгі уақытқа қарамастан спортшыны әуежайда күткен жандардың қарасы қалың. Тарихи жүлденің иегерін күтіп алуға қала әкімдігінің өкілдері, жанкүйерлері мен жақындары келді.
Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:
– Үйіме жеттім-ау. Бұл ұзақ сапар болды. Алматыға келгеніме қуаныштымын. Бұл мен дүниеге келген, мен тұратын және болашағымды байланыстыратын қала. Мені күткен, қолдау білдірген әрқайсыңызға рақмет. Алғыс.
Ел қоржынын алтынмен байытқан спортшыдан алдағы жоспарлары жайлы сұрадық.
Михаил Шайдоров, олимпиада чемпионы:
– мен мұнымен тоқтап қалмақ емеспін. Үлкен жоспарларды көздеп отырмын. Әлі талай жүлдемен ораламын деген ниетім бар. Әрине отбасыны ұмытуға болмайды..
Соңғы сөзіне қарап, шаңырақ көтеруге ниетті ме деп болжадық. Себебі, әлемдік додада көк туымызды желбіреткен спортшының жетістігі ғана емес, жеке өмірі де көптің талқысында. Бұған себеп сүйіктісінің жазбасы. Чемпионды алтын алуымен құттықтап, серісінің басы бос емес екенін білдірген еді. Айта кетейік, Михаилдың жүрегін жаулаған ару да спорт саласынан. Айсұлу Мырзағалиева көркем гимнастикадан Азия чемпионы.
Жанкүйерлер 32 жыл күткен алтынды сыйға тартқан спортшыдан ыстық ықыласын аяп қалмады. Ілтипатын білдіруге асық болғандардың бірі Ассоль. Суретші мәнерлеп сырғанаушының бейнесін кілемге салып, сол картинаны чемпионға өз қолымен ұсынды.
Чемпионға құрмет көрсеткендер қатарында Димаш Құдайберген де бар. Ұлтының ұлы баласы інісінің жеңісі жайлы ести салысымен, автокөлік сыйлайтынын хабарлаған еді. Сөзінде тұрып, 2 күн бұрын темір тұлпардың кілтін ұсынды.
Әлемдік аренада ел абыройын асқақтатқан спортшы қандай марапатқа болмасын лайық екені сөзсіз. Сондықтан мәрт ағалары әлі де аянып қалмайды деген сенімдеміз.