Әлемді тізе бүктірген Әмір Темір жайлы толықметр дәл бүгін Ирландия, Ұлыбритания және Қазақстанда жарық көргені, жәй ғана сәйкестік емес. Тарихи деректерге сүйенсек, бүгін ұлы қолбасшы Әмір Темірдің дүниеге келгеніне тура 690 жыл! АҚШ-та басталған масштабты жоба қазақстандық актерлердің қатысуынсыз өтпеді.
– Енді бұл біздің Nomad Stunts-тың авторитеті деп айтсақ болатын шығар. Өйткені Қазақстанға кім келіп өзінің сьемкасын жасайды анау шетелден. Қаншама ақшасын құртып.
Иә, актерлердің айтуынша бұл әлемге әйгілі Nomad Stunts каскадерлік тобының жетекшісі - Жайдарбек Күнғожиновтың ықпалымен болған. Десе де, жобаның продюсері әрі басты кейіпкері Кристиан Мортенсеннің өзіндік пікірі бар сыңайлы. Айта кетейік, америкалық киногер туындыны таспалау үшін Өзбекстанға уақытша қоныс аударып, картинаның сценарийін жазған.
Кристиан Мортенсен, (АҚШ) кинопродюсер, актер:
– Санжар, Еркебұлан, Жандос, Мақсат өте талантты актерлер. Менің сахналарым көбіне Еркебұланмен болды. Ол кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Шынымды айтсам, қазақ актерлеры мені ерекше таңқалдырды.
Асан Мажит, актер:
– Өзі бір қызық жағдай болды. Мен барған кезде түсірілім тобының бәрі «Қазақтар, қазақ, қазақ» деп жүр екен. Сөйтсем Еркебұлан мен Мақсат режиисерді де, операторлық топты да, шетелден келген киногерлердің бәрін таңқалдырып, мен барған кезде бәрі дайын болды ғой. «Мынау да қазақ па?» деді, «Иә, бұл да қазақ»- деп еді. «Болды!»- деді ғой.
Санжар Мәди, актер:
– Мен негізі бүкіл әлемде жұмыс істедім. Ресейде, АҚШ-та, Европада. Менің ойымша бізге шетелден келген актерлер мықты. Аса қатты айырмашылық жоқ. Кей тұстары біздің мектебіміз мықты екен. Негізі біз мықты екенбіз.
Әмір-Темірдің сенімді досына айналған Жасурды -Санжар Мәди сомдаса, немере ағасының рөлі-Асан Мажитке бұйырған. Елші образында Мақсат Сәбитов. Ал Еркебұлан Дайыровқа келсек:
– Кейіпкеріңіз жайлы айтып беріңізші?
Еркебұлан Дайыров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Бекеджук. Жақсы жігіт. Анда- мында бір соғысып қоятыны болмаса, өте дұрыс жігіт. Ілиястың қолбасшысы. Көзі десе де болады, қолы десе де болады. Антагонистік топтың бір мүшесі.
3 жыл бұрын таспаланған ауқымды жобада 230 адам жұмыла еңбек еткен.
– Марвелдің бірнеше бөлімдерін түсірген оператормен жұмыс істедік. Англия, АҚШ, Қытай, Корея сияқты елдердің актерлерімен жұмыс істедік. Енді бір үлкен мектеп болды біз үшін.
Фильм XIV ғасырдағы Моңғол империясының ыдырап, күлі көкке ұшқан сәттен бастау алады. Одан кейінгі Әмір-Темірдің Ұлы Жібек жолын сақтап қалу үшін жасаған ерлігі суреттеледі. Айта кетейік, лента ағылшын және шағатай тілінде таспаланған.
Еркебұлан Дайыров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Енді түсірілімдік топ, жалпы актерлердің біршамасы өздеріңіз көріп отырғандай басқа ұлт өкілдері. Өзге тілде ойнау және сол тілде ойлау ол әрине қиындық тудырады.
Санжар Мәди, актер:
– Мәтінді 30 минут қалғанда берді. Мен алғаш рет лқып көргенде, таң қалдым, қандай қиын сөздер деп. Бірақ жаттады, басқа амал болмады.
– Білуімізше, түсірілім аптап ыстықта болыпты. Қиын болған жоқ па сіздерге?
Асан Мажит, актер:
– Ораза айы болды. Сол жағынан кішкене қиындықтар туды. Өйткені, күн ыстық болды Хиуа қаласында. Өзбекстанның оңтүстігі.
Мақсат Сәбитов, актер:
– Қателеспесем түсірілім тобының 80 пайызы оразада болды. Енді шыдадық.
Түсірілім Австралия, Ұлыбритания, АҚШ, Өзбекстан және Қазақстанда өткен. Алматының маңында Ақсақ Темірдің жалғыз жеңіліс тапқан «Лайлы» шайқасы таспаланған.
Санжар Мәди, актер:
– Соңғы сахна «Жаңбыр сахна» дейді. Ол ең қиыны болды. Аяқ астынан суық жел ұрды. Біз қатты жаурадық.
Ендеше «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» демекші, «Темірлан» толықметрін кинотеатрдан тамашалауға асығыңыз, көрермен!