Сәкен Майғазиев концертінде билемек!

Сообщить о проблеме с эфиром

Осы уақытқа дейін сахнада еш қимылсыз ән салып келген Сәкен Майғазиев, жуырда жоспарланған кешінде бидің түбін түсіруге бел буып отыр. Бірақ, бұл жолы тойдағы еркін қимылдар емес, кәдімгі кәсіби мамандардан сабақ алып жатыр. Десек те, 43 жасқа келген әнші тосын өзгеріске төтеп бере алуда ма?! 

Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:

- «Мезгілінен кеш сермедім» болып тұр енді, 43-ке келіп қинап жатыр. Әйтпесе «жас кезімнен бастағанда жақсы болар еді» - деген, ой ғана мазалайды.

Өмірінің басым бөлігін әнге арнаған Сәкеннің, биге келгенде тосылып қалатыны бар. Дегенмен, жаңашылдыққа жаны құмар әнші, бүгінде хореографияның қыр-сырымен танысып, жеке кешінде тыңдарманға тосын-сый жасамақшы... 

Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:

- Ролик түсірер кезде ғана дайындалдым. Оған дейін өмірімде билеп көрген емеспін. Біреумен қимылдап, денені қыздырып... Біз ойлаймыз ғой шығады да олар «патыр-пұтыр» жасайды да кетеді деп. Әшейін бір минуттық роликке, бір жарым ай дайындалдым мысалға. Сол себепті, үлкен ыждаhаттылықты талап етеді.

Андрей Хван, хореограф, режиссер:

- Біз концертте би қойылымдарының болатынын айтқанда, Сәкен аға ұсынысымыздан бас тартты. Бастапқыда сенімсіздік болды. Бірақ біз көндірдік. Қазіргі нәтиже жақсы. Тіпті біз ойлағаннан да асып түсті десем, артық айтқандығым емес.

Ал, стилисттің сөзіне сенсек, бұл кештегі образдар да бұрын-соңды болмаған. Қызу дайындыққа кіріскен Майғазиев, ауқымды шоуға алты бірдей сахналық костюм тіктіріп жатыр. 

Жұмабек Елеуов, стилист:

- Кейбір образдарға Сәкен ағаны көндіруге тура келді. Өйткені режиссердың ойы бар, менің де ойым бар. Бірінші образын ашығымен айта аламын. Классика дейміз ғой. Соның өзінде де біз өзгертуге тырыстық. Қызыл түсті алдық, бродвей стилінде жасап шығарған образымыз.

«Музарттық» әншінің жеке концерті халықаралық әйелдер мейрамының қарсаңында өтеді. Нәзік жандылардың төл мерекесіне тұспа-тұс келген кеш, «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» деп аталады. 

Пікір қалдыру үшін сізге кіру қажет