Жұдырығы жойқын жігіттер

Сообщить о проблеме с эфиром

Данияр Елеусінов болса өзін сынайтын жанкүйерлеріне жауап қатты. Халықтың айтқан әр пікірі – маған күш сыйлайды деген боксшы, күні кеше кезекті қарсыласын нокаутқа жіберген еді. Олимпиада чемпионының кәсіпқой рингтегі тағы бір жеңісі жайлы Серік Ноянбайұлы толықтырады.

27 жастағы Данияр Елеусінов кәсіпқой рингте 5 жекпе-жек өткізіп, үшінші нокаутын еншісіне жазып үлгерді. Ол күні кеше Монте Карло қаласында Никарагуалық Маркос Мохиканы үш мәрте нокдаунға түсіріп, кездесудің үшінші раундында-ақ қарсыласын тізе бүктірген еді. Жерлісіміз осылайша BoxRec рейтингінде 231-ші орыннан 184-ші сатыға бірден көтерілді. Жартылай орта салмақтың өкілдері арасында, бүгінде әлем бойынша екі мыңдай боксшы бақ сынайды екен. Монкодағы өткен бұл бокс кешінде тағы бір отандасымыз өнер көрсеткен еді. 2016 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс еншілеген Сұлтан Зауырбек, Джонсон Теллесты алдымен бір құлатып алып, кейін техникалық нокаутпен ұтты. Осылайша жартылай жеңіл салмақтағы қазақ боксшысы, өз дивизионында бірден 146 сатыға жоғарылап, 641-ші орынға жайғасты. Бұл Сұлтанның кәсіпқойдағы екінші жеңісі.

Канадада атой салып жүрген Садриддин Ахмедов те кезекті Квебек қаласындағы жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтады. Жастар арасындағы әлем чемпионы деген атағы бар жерлесіміз, 28 мәрте рингке шыққан мексикалық Хосе Франсиско Зуниганы екінші раундта сұлатып түсірді. Бұл Садриддиннің мансабындағы 5-кездесуі және бесінші нокауты.

Сол кеште жұдырықтасқан тағы бір отандасымыз Нұрзат Сабиров та жеңіске жетті. Ол мексикалық Рокки Монтойдан екінші кезеңде-ақ уақытынан бұрын басым түсті. Әлі жеңіліс дәмін татпаған Нұрзаттың, бұл 8 кездесудегі жетінші нокауты.

Түсініктемелер қосу үшін сізге кіру қажет