Қайрат Нұртас «жұлдызды» өмірге ынтыққан қыз-жігіттерді жөнге салды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Тезірек танымалдылыққа талпынатын жас әншілердің әрекетіне Қайрат Нұртас қапалы. Хитменнің байқағаны, өнерге құштар іні-қарындастары бірден «жұлдыз» мәртебесін еншілеуге ынтық! Ал, халықтың шынайы қошеметіне бөлену үшін қайтпек керек? КН командасының тегін кеңесіне құлақ түріңіз!

Биыл Қайраттың ән әлеміндегі ғұмырына 13 жыл толды. Осы уақыт аралағында ол түрлі форматта концерт берді, кино түсірді және отандық эстрададағы өнер өкілдердің көшін бастап тұр. Оның бағындырған белесін еңсеруге өзге өнерпаздар да құмар. Алайда, бірден танымалдылыққа жетудің жолын іздейтін әртістердің қулығы, Нұртастың ұлын қатты қынжылтады!

Қайрат Нұртас, әнші:

- Негізі кеш берген ол берекелі де. Мен талай жігіттерге, ортамыздағы әншілерге айтатынмын. Сен кеш бер... Басқа телеарналардың бетінде көрініп жүре бергенше, ауыл-ауылға барып кешіңді бер. Ауылдағы ата-апамыздың батасын аласың. Оған ештеңе жетпейді. Мысалға қазір дәрежесін көріп жатырсыздар.

Хитменнің мұндай мәртебені еншілеуі анасының арқасы. Ұлының арманын орындау жолында Айдарбекова талай күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндерді өткізді.

Гүлзира Айдарбекова, продюсер:

- Ауыл-ауылға концерт бере алмайды ешкім. Оны халық сүю керек. Оның әнін тыңдау керек. Әрбір кішкентай баладан бастап, үлкендерге дейін Қайраттың әнін айт деген кезде, міне Қайраттың әні деп айтып берді. Ол кезде «Арман» әні шыққан болатын. «Арман» әнін білмейтін адам болған жоқ ол кезде.

Қайраттың жетістікке жету формуласын анасы жақсы біледі. Бірінші – халық қосыла шырқайтын хит жазу, екінші – ауыл аймақты аралап, шағын мәдениет үйлерінде концерт беру. Үшінші – ауқымды аудиторияның алдында ән салудың қадамдарын қарастыру керек.

Гүлзира Айдарбекова, продюсер:

- Халықтың өзі көтергеннен кейін барып, баланың өзінде ынта пайда болады. Мен үлкен сахналарда ән айтсам екен деген сияқты. Қайратты басында солай бастадық. Клип түсіргеннен гөрі, бізге сол өте тиімді болды. Ол жерде қанша еңбек. Оны айтып жеткізе алмаймын.

Қайраттың құпиясы бар болғаны осы! Жетістікке жеткің келсе, тынбай тер төгуің шарт!

Түсініктемелер қосу үшін сізге кіру қажет